Шымкентте жыртық ту үшін шенеунікті бопсалаған блогер ұсталды

1120

Шымкентте жыртылған туды бейнежазбаға түсіріп алып, ақша бермесе видеоны жариялайтынын айтып, шенеунікті бопсалағандардың әрекеті әшкере болды.

Ұсталған адамның көлігінен 300 мың теңге табылған, деп хабарлайды Экспресс К.

Шымкент қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, криминалдық полицияға шенеунік хабарласып, өздерін блогерміз деп таныстырған бірнеше адам одан жарты миллион теңге бопсалағанын айтқан. Олар әкімшілік ғимараттың үстінде жыртылған мемлекеттік Туды бейнежазбаға түсіріп алып, ақша берсе ешқайда жарияламайтындарын айтқан.

Аталған дерек бойынша ҚК 194 (Бопсалау) бабымен қылмыстық іс қозғалып, күдікті ұсталды. Оның көлігінен 300 мың теңге тәркіленді,

— дейді Шымкент қалалық ПД баспасөз қызметіндегілер.

Блогер Шымкент қалалық мамандандырылған тергеу сотының санкциясымен қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Ал Түркістан облысындағы журналист Амангелді Батырбеков шенеуніктен ақша бопсалаған блогердің Ғани Өмірғали екенін жазды.