«Әкімдер мен министрлердің бәрі де жазаға лайық»

992

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бюджетке, экономика мен азаматтардың қауіпсіздігіне шынайы зиян тигізетін заңбұзушылықтарға баса назар аудару керектігін айтты. 

«Қазіргі жағдай құқық қорғау органдары тарапынан нақты шешімдер мен әрекетті талап етеді. Осынау күрделі кезеңде бюджетке, экономика мен азаматтардың қауіпсіздігіне шынайы зиян тигізетін заңбұзушылықтарға баса назар аудару керек», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Президент сонымен бірге кейбір әкім ескерту мен қатаң ескерту алғанын еске салды.

«Жалпы бүкіл әкімдер мен министрлер осындай жазаға лайық. Алайда қазір біз әлеуметтік-экономикалық дамудың сыни кезеңінде тұрмыз. Үкімет пен әкімдерге дағдарыстан шығу үшін ойлы да батыл әрекет керек. Себебі дағдарыс ушығатын секілді. Бұл – әлемдік экономиканың болжамы. Ал Қазақстан оның бір бөлігі», — деді ол.

Сондай-ақ, Президент министрлерге, әкімдер мен Президент Әкімшілігі қызметкерлеріне демалысқа шығуға тыйым салды.

«Осымен жаздың жартысы өтті. Министрлер, әкімдер, Президент Әкімшілігінің қызметкерлеріне ешқандай еңбек демалысы жоқ. Өйткені, төтенше жағдай орын алып отыр. Демалыс деген сөзді ұмытыңыздар», — деді Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Abai.kz