Шымкентте «Төлем» картасы іске қосылды

1528

Шымкент қаласында «Цифрлы Қазақ­стан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында қоғамдық көліктерде «ТӨ­ЛЕМ» электронды төлемақы жүйесі іске қосылды.

Айта кетейік, аталған жүйе арқылы жолаушылар ағынының статистикалық есебін  жүргізуге және нақты деректер арқылы әлеуметтік мәні бар маршруттарды субсидиялауға мүмкіндік туады. Осынау төлем картасының енгізілетіні туралы қала әкімінің орынбасары жұртшылыққа осыдан біраз уақыт бұрын хабарлап, түсініктеме берген болатын. Сонымен қатар «Цифрлы Қазақстан» тұрғысынан да бұл шешім көптеген мәселеде тиімді болмақ. Біріншіден, қолма-қол ақшасыз төлемдерді енгізуге, қоғамдық көліктің қызметін жақсартуға және жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға, қалалық бюд­жетке түсімдерді арттыруға септігін ти­гізеді.

Жоба жеке инвестор QazSmartTrans ЖШС-і есебінен іске асырылды. Инвес­тицияның көлемі – 1,2 млрд теңге. Қоғам­дық көлікте жол жүру ақысын төлеу үшін  төлем карталарының 4 түрі қарастырылған. Стандарттық (жалпы пайдалануға), мек­теп оқушылары, студенттердің және  жеңіл­детілген карталар.

Жолаушылар көлік картасымен, SMS, QR-код, смартфонды (NFC) қолдана отырып, жол жүру ақысын төлей алады. 1 қарашадан бастап көлік карталары арқылы қолма-қол төлеу кезінде қазіргі қолданатын тарифпен 70 теңге төлейді, ал қолма-қол ақшамен төлеу кезінде тариф 100 теңге болады. Көлік картасының бағасы – 500 теңге, одан бөлек, бір рет тегін жол жүру ақысы берілмек.

Шымкент қаласында QazSmartTrans ЖШС-і тарапынан Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне, тыл ең­беккерлеріне (Ерен еңбегі үшін медалімен марапатталғандар), Батыр ана, Алтын алқа, Күміс алқа төсбелгі иелеріне  және  І топтағы көру қабілеті нашар жандарға 14 мың көлік картасы тегін таратылады.

Бүгінгі таңда жеңілдікпен жүретін аза­маттарға карталарды тегін тарату мақ­сатында Шымкент қаласының әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту басқармасы мен қаладағы барлық халыққа қызмет көрсету орталықтарынан арнайы орындар ұйымдастырылған. Аталған орындарда жеңілдік картаны алу үшін азаматтардан қажетті мәліметтер қабылданып, базаға енгізіледі. Жалпы,  қалада 220 мың мектеп оқушысы, 80 мың студент, 14  мың  жеңілдік берілген тұрғын бар. Қазіргі таңда инвестор тарапынан көлік компанияларымен келісімшарт жасалып, автобустарға валидатор орнатылды. Сонымен қатар смартфон пайдаланушыларына арналған Open Shymkent мобильді қосымшасы әзірленген. Қосымша арқылы қолданушы өзінің картасының теңгерімін тексере алады. Сондай-ақ теңгерімін толтырумен қатар жол жүру тарихын да көруіне болады.

Одан өзге қала тұрғындары Open Shymkent қосымшасы арқылы басқа да қалалық әкімдікпен көрсетілетін қыз­мет түрлерін ала алады. Тұрғындарға анық­тамалық ретінде бірыңғай байланыс Call орталығы іске қосылған.

Үшінші мегаполисте енгізілген осынау жаңалықтың таныстырылымына қала  әкімі Мұрат Әйтенов қатысты.

Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы