Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов тұрғындармен онлайн кездесу өткізді

1282

Шаһар тұрғындары коммуналдық сала мен әлеуметтік төлем алу мәселесін көтерді.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов карантин шараларын ескере отырып, қала тұрғындарының жеке сұрақтары бойынша онлайн қабылдау өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қашықтықтан өткен қабылдауда шаһар тұрғындары тұрғын үй, коммуналдық сала мен әлеуметтік төлем алу мәселесін көтерді. Онға тарта қала тұрғынының өтініштерін тыңдаған Мұрат Әйтенов айтылған мәселелер қолданыстағы заң аясында қаралып, осының негізінде көмек көрсетілетінін алға тартты. Атап айтқанда Еңбекші ауданының тұрғыны Р.Досыбаева жер телімінің қызыл сызықта екенін айтып, көмек көрсетуін сұрады. Қала әкімі аталған мәселені шешу мақсатында тиісті сала басшысына егжей-тегжейлі қарап, заң бойынша шешім шығарылуын тапсырды.

Одан өзге Әл-Фараби ауданының тұрғыны М.Оңалбаева өзінің 1932 жылы туған анасына баспана беруін өтінді. Азаматшаның тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізімінде көпбалалы отбасы ретінде осы жылы тұрғаны белгілі болды.

Қазіргі таңда «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй белгіленген тәртіппен кезек арқылы берілетіні жеткізілді. Бұдан бөлек, шаһар басшысы мемлекет тарапынан беріліп жатқан әлеуметтік көмектерді алу тәртібі мен баспана кезегіне тұру шарттарымен таныстырды. «Әрбір мәселе менің жіті бақылауымда болады» деп сөзін қорытындылады. Сонымен қатар, алдағы мереке күндері тұрғындарға қауіпсіздік шараларын сақтап, карантин ережелерін қатаң ұстану қажеттігін айтты.