«Утильсбор» машақаты: Көлік неге қымбат?

1224

Елімізде көліктің бағасы удай қымбат. Көлік бағасы аспандап барады. Салдарынан халық ескі көлік мініп, жолда апатқа ұшырап, қырылып жатыр. Ескіні алмасқа амал жоқ. Жаңаны алуға қалта көтермейді, қаржы жетпейді. Көлік неге қымбат? Қазақ қашан сапалы, жаңа темір тұлпарды тізгіндейді?

2019 жылдың күзінде Оңтүстік Кореяға іс-сапармен бардым. Бірнеше күнде шаруамды бітірген соң, ақыры келіп тұрмын ғой, елге көлік жібере салайын деп шештім. Ондағы осымен айналысатын жігіттер біздің елдегі көлікті заңды рәсімдеу — өте қымбатқа түсетінін ескертті. Содан, не керек, әрі ойлап, бері ойлап қозғалтқыш көлемі ең кішкентай (себебі, кедендік рәсімдеу, тағы басқа алымдар қозғалтқыш көлемі кішкентай болса арзандау түседі дегенді естіп алғам) көлік жібермекке бекідім. Ондағы ойым, «әуелі бір рет көрейін, бәрі сәтті болып жатса, артынан тағы алдыртармын», болды.

Әлқисса, содан Инчоннан бір Kia Morning атты 2018 жылғы, бар-жоғы 11000 шақырым «шапқан» шағын көлік таптық. Қозғалтқыш көлемі 1 литрден аспайтын, бірақ GDi тектес, турбо орнатылған, комплектациясы өте жақсы көлік болды. Содан ол көлікті 4800$ (сол кездегі бағаммен 1 872 000 тг), жөнелту құны 1700$ (663 000 теңге), жиыны Алматыға 6500$ (2 535 000 тг) келіп тоқтады.

Қызықтың бәрі елге келген соң басталды. Майда-шүйде шығындары есте қалмапты, бастыларына тоқталайын. Келген бойда 710 000 тг кедендік алым үшін брокерге бердім, ол көлікті рәсімдеп берді. Енді болған шығар десем, келген көлігіңнің біздің Кедендік Одақ атты қамытты мойынға кигенде міндеттенген жаңылыспасам, Euro 5 стандартына сәйкес келетіндігін дәлелдейтін Сәйкестік сертификатын алу қажет екен (жанар-жағар майларымыздың сапасы керемет артып кетіпті-міс). Бұл мәселені 2016 жылдан соңғы жылдары монополист «автоөндірушілердің» құзырына беріп тастапты. Бұрынғы сәйкестік сертификатын бере алатын тәуелсіз мекемелердің бәрін жапқан. Яғни, кәрістің «Хюндайын» әкелсең, Нұрлан Смағұловтың «Астана моторсының», «Киасын» әкелсең, Николай Балушкиннің «Азия Автосының» «батасын» алуың керек. Олай болмаған жағдайда, көлігің есепке қойылмайды. Қысқасы, оған да жаңылыспасам 200 000 тг шығындадық. Енді, автоцонға барып, нөмір алатын шығармыз десем, «утильсбор» төлеу керек екен.

Содан, салып ұрып, Райымбек пен Розыбакиев көшелерінің қиылысындағы «Оператор РОП» ЖШС-на келдім. Менің таңданысымда шек болмады. Себебі, біздің құдіретті мемлекет бізге — түбі күмәнді жеке компанияға бір жыл да жүрілмеген, қозғалтқыш көлемі 1 литрден аспайтын жап-жаңа көлігім үшін 380 000 тг «утилизациялық алым» төлеуге мәжбүр етті.

Осымен болған шығармыз дегенмін. Сөйтсем, көрер «қызығымыз» әлі таусылмапты. Көлік тіркеуге келсем, «алғашқы тіркеу» (первичная регистрация) деген алым алдымнан шықты. Соның өзіне менің «почти» жаңа көлігіме қосымша 71000 теңге төлеп, нөмір мен техпаспортқа мемлекеттік алым (12000 тг) тағы төлеп, әрең бітірдім ғой.

Сонда Кореядан 2 535 000 теңгеге келген менің кішкентай ғана, жылы жаңа көлігімді Қазақстанда рәсімдеу үшін тағы қосымша 1 373 000 тг төледім. Оның 797 000 теңгесі кеден, қаржы министрлігі секілді мемлекеттік органдарға төленген қаражат болса, қалған 580 000 теңгесі мемлекет қолдан лобби жасап отырған жеке компаниялардың есебіне кеткен қаражат. Тағы еске сала кетейін, бұл осы кішкентай ғана көлікті сол кездегі АЕК (МРП) көлемі 2525 тг болғанда кеткен қаражат. Ал, қазір АЕК 2917 тг яғни, қазір бұл алымдарға одан да көп сома кетеді.

Негізінен, Еуразиялық Одақтан (Ресей, Беларусь, Армения, Қырғызстан) тыс шет елдерден (АҚШ, Еуропа, ОАЭ, Корея, т.б) келетін көліктер маркасынан гөрі мынадай параметрлер бойынша рәсімделеді:

1. Шыққан жылы. Яғни, көлік неғұрлым жаңа болса, оған төлер алым соғұрлым арзандау болады. Осыны ашып жазайын. Яғни, 2021 жылы шыққан автокөлік, осы жылы кірсе 1 жылдық болып есептеледі. Яғни, есептеу келесі 2022 жылдан емес, шыққан жылынан басталады. Мұны неге айтып отырмын. Біздегі көлікті алғашқы тіркеу алымы «первичная регистрация» осыған байланысты.

2016 жылдан бастап, елдегі автоөндірісті қолдау мен ішкі нарықтағы автопаркті жаңартамыз деген желеумен бізде осындай заң қабылданып, соның «жемісін» жеп келеміз. Мынау мен келтірген кесте бойынша, биылғы көлікті әкелсеңіз 730 тг, 2019-2020 жылғы көлікті әкелсеңіз 145 850 тг, ал 2018 жылдан басталатын «ескі» көлік әкелетін болсаңыз, 1 458 500 тг қосымша «первичная регистрация» үшін төлейсіз.

Енді осы жерде тағы бір ескеретін жайт бар. Посткеңестік елдерден бөлек көптеген алпауыт автодержавалық мемлекеттердің көліктің жылын есептеу тәртібі бөлек. Оларда көлік белгілі бір жылдың екінші жартысында шығатын болса, келесі жылдық болып есептеле алады. Яғни, сіз Корея немесе Америкадан көлік іздесеңіз, әлгі «первичкаға» ұрынып қалмас үшін жыл соңына таяу шыққан көлік іздейсіз.

Мысалы, сіз «первичка» үшін 145 850 теңге төлеуге мақұл болып, дәл қазір Америкадан көлік іздеп жатырсыз делік. Қазір мамыр айы. Көлік, табылып, жіберіліп, келуімен кемі 2 ай уақыт кетеді дейтін болсақ, сонда сіз биркасында (есіктегі қаңылтыр) 2019 жылғы тамыздан кейін шығарылған көлік іздейсіз. Бұл көлік ол жақтағы құжаты бойынша 2020 жылғы болып есептеледі. Осылайша әлемнің көлік өлшеу тәртібі бір бөлек, біз бөлек болып «қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» болып өмір сүріп жатырмыз.

2. Сырттан келген көлік рәсімделгенде қаралатын екінші параметр — оның қозғалтқышының көлемі (яғни ауызекі тілде «объемы»). Біздің сериялық жазбаларымыздың «қаһармандары» ҚР Экология министрлігі, біздің үкімет халықты тонауға (басқаша сөзім жоқ) «картбланш» беріп отырған «Оператор РОП» ЖШС (иә дұрыс оқып отырсыздар, Жауапкершілігі шектеулі серіктестік) секілді мекемелердің қос қолдарын ысқылап шыға келетіні осы тұс. Солар қойған талап бойынша, қозғалтқыш көлемі неғұрлым кішкентай, «көтерем» болса, соғұрлым аздау алым төлейсің.

2019 жылы өзімнің Kia Morning секілді «жабағым» үшін 380 000 тг төлегенім туралы жазған болатынмын. Биыл ондай көлік үшін 438 000 тг, қозғалтқыш көлемі 1,0 литрден асатын Toyota Corolla, Hyindai Accent, Hyundai Elantra, Kia Rio, Kia Cerato, Chevrolet Cruze секілді көліктерге 1 021 000 тг, ал, Toyota Camry, Hyundai Sonata, Kia K5 секілді автокөліктерге 1 459 000 тг төлейсің. Ал, Toyota Sienna, Kia Carnival, Toyota Highlander, Toyota LC Prado, Nissan Patrol секілді минивендер мен жол талғамайтын көліктер үшін 3 355 000 тг көлемінде утилизациялық алым төлеуге дайын болуыңыз керек. Ең қызығы — мемлекет қазынасына емес, жеке компанияның есебіне!

Нұраддин Садықов

Abai.kz