Әкімдер проблеманы пиармен шешкісі келе ме?

1204
«Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген бабалар даналығы қазақ билігін қызықтыра қоймайды. Халыққа қызмет етуі тиіс әкім-қаралар жұртшылықтан мүлде жырақтап кеткен. Өздерін халықтың қызметкері емес, билеушісі секілді сезінеді. Ол шындық.
Сөйткен әкімдер кейде қаңғалақтап халықтың арасына түседі. Мүмкін есеп беру үшін, мүмкін шын ниетімен. Бірі велосипед теуіп, бірі қоғамдық көлікке мінеді. Енді бірі шаруалармен бірге жұмыс істесе, енді бірі көше тазалап жатады.
Өкініштісі, осының бәрін халық «қара пиар» ретінде қабылдайды. Әлгі әкім-қаралар бұл әрекеттерді кейде шын көңілімен істесе де, жұртшылықты сендіре алмайды. Қарапайым халық «атын шығару үшін» деп қолын бір сілтейді. Болды. «Өтірікшінің шын сөзі зая» деген осы болса керек…
Биыл наурыз айының басында Батыс Қазақстан облысының әкімі әкімі Алтай Көлгінов қаланы қардан тазалау жұмыстарын көру үшін түн ішінде тексеруге шықты. Коммуналдық қызметтердің өкілдері шаһар көшелерін қардан тазарту жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатқанын жеткізді. Ал әкім қар тазалау жұмыстарының қарқынын арттыру туралы тапсырма берді.

Маусым айының соңында Алматы қаласының әкімі болып тағайындалған Бақтжан Сағынтаев қаламен жақын танысуға тырысты. Жұмысын жезөкшелерді тазалаудан бастаған әкім мегаполистің екі тізгін, бір шылбырын қолға ала сала проблемалық аудандарды аралап шықты.
Түрксіб, Наурызбай аудандарын аралаған әкім аталған аудандарда су, жарық, жол, қоғамдық көлік мәселесін жедел шешу керек деп тапсырма берді. Кейде тұрғындардың үйіне дейін кіріп, хал-жағдайларымен танысты. ТІпті, бір әйел әкімді үйне кіргізбей қойған еді. Оны да әлемжелі әжептәуір талқы жасады.
«Ол бала кезінен ауылдың қара жұмысына үйренген»: Шөкеев көлікке сабан тиеп жүр
Шілде айының ортасында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Сайрам ауданына барған іс-сапарында жұмысшылармен бірге жүк көлігіне сабан тиеді.
Бұл ақпаратты облыс әкімінің кеңесшісі Сәкен Қалқаманов жариялады. Оның айтуынша, әкім үшін қолына жұмыс құралын ұстау жаңалық емес. Бала кезінен-ақ мұндай жұмыстарға әбден үйренген.
«Өмірзақ Шөкеев бұрынғы Шымкент облысы,  Бәйдібек ауданындағы Шаян ауылында өсті. Ол бала кезінен ауылдың қара жұмысына үйренген», — деді Қалқаманов.
20 шілде Премьер-Министр Асқар Мамин Қоянды су қоймасын тазарту бойынша «Бірге – Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысты. Акцияға қатысқан 1200-ден астам адамның ішінде ҚР Үкіметінің мүшелері, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі, Ақмола облысының әкімі, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың, дипломатиялық корпустың, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері болды.
Қолына дорба алып, су қоймасынан қоқыс сүзген Үкімет басшысы барлық өңірлердің әкімдерін, экологиялық белсенділерді, жастар ұйымдары мен еріктілерді осы бастаманы қолдауға шақырды.
Премьер-Министрдің бастамасы жерде қалған жоқ. Өңір әкімдері аталған экологиялық акцияға үн қосты. Қызылорда облысының  әкімі Қуанышбек Ысқақов бұл жұмысқа білек сыбана кірісті. 150-ге жуық қызметкерлерін ерткен өңір басшысы Арал ауданы Көкарал бөгетінің жанындағы аумақты тазалады. Сонымен қатар, облыс әкімі өз қарамағындағы барлық аудандар мен елдімекендерді «Бірге – Таза Қазақстан» акциясына қатысуға үндеді.
Өркениетті елдерде шенді-шекпенділер, әкім-қаралар халықтың бел ортасында жүреді. Олар үшін әкімнің автобуспен жүргені тіпті таңсың емес.
Ал бізде ше? Бізде халық әкімді, әкім халықты көрмейді. Астана жақтағы ақ жағалыларды айтпағанда, шалғайда жатқан әкімдердің өзі өздерін орта ғасырдағы хан-патшалар секілді ұстайды. Олардың алдына кіру үшін күншілік жерден атыңнан түсіп, жүрелеп жүріп келіп, есік қағуың керек.
Содан да болар, бір әкімнің халықтың арасына бара қалғаны, кездесіп, сөйлесіп тұрғаны жаһандық деңгейдегі жаңалық іспетті көрінеді. Әлгі әкімнің әлгі әрекетін әкімдіктегі әккі менеджерлер бірінші бастап жарнамалайды-ай, келіп. Ал ақпарат құралдары жерден жеті қоян тапқандай жарыса жазады, оны. Бірақ, халық бәрі-бір сенбейді. Пиар үшін, есеп беру үшін жүр деп есептейді.
Ал сол әкімдердің әжептәуір ниетіне неге жұрт сенбейді? Бұған бірінші кезекте биліктің, биліктегі білгіштердің өздері кінәлі. Ақ жағалылар жылына бір мәрте төбе көрсетіп жоқ болып кетпей, қажет кезінде халықтың арасында жүрсе, көпшіліктің кекесініне емес, қошаметіне бөленер еді ғой.
Бір жағынан қарасаңыз, қазір пиардың уақыты. Кімнің жарнамасы көп, сол ұтатын кез. Сондықтан әкімдер де пиаршыл болып кеткен. Қайтсін, енді, тырбанып тіршілік ету керек. Бұрын әлеуметтік желіде сіз бен біз секілді қарапайым халық қана отыратын. Қазір, Президенттің өзі міндеттеді. Жоғарғы басшының өзі бақылап отыратын болғандықтан, әкімдерде амал бар ма, әйтеуір әлеуметтік желіде жарнамаланып жатыр, хал-қадірінше.
Десе де, айтпағымыз, әкімдер мен шенді-шекпенділер жеңіл жарнама үшін желіде жылтыңдай бергенше, жұртпен жылына бір рет емес, күн сайын жолығып тұрса, елдегі сіресіп қатқан әлеуметтік-экономикалық проблемалар тезірек шешілер ме еді?..
Қуаныш Қаппас