ШАХМАТ ЖАРЫСЫНДА 20 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ҚАЙ МЕКТЕПКЕ БҰЙЫРДЫ?

635
Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов шахмат ойынының жеңімпаздарын марапаттады.
Шымкентте бұқаралық спортты дамыту мақсатындағы «Шымкент жастар лигасы» бәсекесінде шахматтан жеңімпаздар анықталды.
Биыл 1 наурыздан бастап оқушылар төрт спорт түрінен – волейбол, футбол, баскетбол және шахмат ойындарынан сынға түсуде.
Шахмат ойынында А.С.Пушкин атындағы № 1 мектеп-гимназия шәкірттері жеңімпаз атанды. № 9 мектеп-лицей 2, № 23 мектеп 3 — орынды иеленді.
Қала басшысы зияткерлік ойын бәсекесінде үздік шыққан командаларды марапаттады. Шаһар басшысы пандемия кезеңінде шахмат ойыны бұрынғыдан да зор маңызға ие бола түскенін, мегаполистің шахматшылары онлайн-турнирлерде үздік нәтиже көрсеткенін атап өтті.
– Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауындағы бұқаралық спортты дамытуға бағытталған кешенді бағдарламасын жүзеге асыру тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында биыл алғаш рет «Шымкент Жастар Лигасы» өтіп жатыр. Шахмат әлемдегі кең таралған ойындардың бірі саналады. Шахмат адамның есте сақтау қабілетін жақсартып, қиын сұрақтарды шешіп, күрделі идеяларды ойлап табуға септігі мол. Шахмат ойынынан Шымкент қаласында да жеңісті дәстүр бар. Көптеген халықаралық додаларда Әнұранымызды шырқата білген алғашқы гроссмейстер Гүлісхан Нахбаева және Жансая Әбдімәлік Шымкент қаласының тумасы.
Осы оқу жылында Қазақстанда тұңғыш рет Шымкент мектептерінде шахмат ойыны енгізілді. Сіздерге шахмат спортына қызығушылық танытқандарыңыз үшін алғысымды білдіремін және жаңа табыстар тілеймін, – деді қала әкімі.
Жеңімпаз командаға 20 млн теңге табыс етілді. Қалған жүлдегерлер диплом және Кубоктармен марапатталды. Мектептің бұл қаражатты қайда жарататынын, мектеп мұқтажына жарату шартымен білім ордасы ұжымының өзі анықтайды.
Бүгінде «Шымкент жастар лигасына» қатысуға 140 білім ұйымынан, 536 командадан өтініш түскен. Ойындарды үйлестіру үшін 420 денешынықтыру маманы жұмылдырылып, тікелей 8 569 оқушы қатысуда. Ал шахмат ойындарына жалпы 140 мектеп қатысуға өтінім білдіріп, 560 оқушы бақ сынады.