ШЫМКЕНТТЕ «MEYIRIM.KZ» ПОРТАЛЫНДА ТІРКЕЛГЕН 3500-ДЕН АСА ОТБАСЫҒА КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ

1042
Бүгінгі ҚР Премьер-Министрі А.Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Волонтерлікті дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған жол картасы» талқыланды.
Бекітілген жол картасына сәйкес Шымкент қаласында волонтерлікті қолдау мақсатында өткен жылы Жастар ресурстық орталығынан «Волонтерлармен жұмыс жүргізу» бөлімі және арнайы коворкинг орталығы ашылып, қызмет көрсетуде.
Сонымен бірге, аталған орталықтың ұйымдастыруымен «MEYIRIM.KZ» электронды қайырымдылық порталы іске қосылды. Портал қайырымдылықтың автоматтандырылған есеп жүйесін жүзеге асыруда. Оған жыл басынан бері 3690 мұқтаж отбасы тіркеліп, оның 3564-не көмек көрсетілді. Бүгінде порталда 31 қайырымдылық қоры, 19 заңды тұлға, 4 әлеуметтік дүкен және 73 волонтер ресми тіркеліп, қызмет көрсетіп жатыр. «Шымкент волонтерлар қауымдастығы» құрылып, онда 3000-ға жуық волонтерлар тізімі жасақталды.
Сондай-ақ, волонтерлік ұйымдармен бірлесе отырып қаламызда ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «30 қайырымды іс» жалпыұлттық марафоны басталды. Марафон аясында Риддер қаласында өрттен зардап шеккен 35 отбасыға тұрмысқа қажетті заттар жөнелтілді. Рамазан айында әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен қарияларға 4000-ға жуық азық-түлік себеттерін үлестірді.
Жыл басынан бері әлеуметтік жағдайы төмен, асыраушысынан айырылған көпбалалы отбасыларға «Харекет» қайырымдылық қоры 15 отбасыға, «Ізгілікте жарысайық» қайырымдылық қоры 11 отбасыға баспана кілттерін табыстады. Жыл соңына дейін «Харекет» қайырымдылық қоры «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына — 30 баспана» акциясы қолға алынбақ.
«Birgemiz:Saulyq» бағыты бойынша «Ардагерлерді ардақтайық», «Мен донормын!», «Дені саудың, жаны сау!» акциялары аясында 80 қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырылды.
«Birgemiz: Bilim» бағыты бойынша «Жарқын Болашақ», «Білімдінің күні жарық», «Blitth», акциялары аясында 50-ге жуық әртүрлі сала мамандарымен бірге оңалту орталықтарындағы аналарға 2 айға жуық білім беру, мастер-класстар, тренинг жұмыстары ұйымдастырылды.
«Birgemiz: Тaza Alem» жалпыұлттық жобасы аясында Шымкент қаласының волонтерлары «Эко Сана», «Таза қала тұрғындары» сенбілік акциялары аясында 60-қа жуық ардагерлер үйінде көгалдандыру, тазалық жұмыстарын жүргізді.
«Birgemiz: Sabaqtastyq» жалпыұлттық жобасы аясында «Бақытты балалық шақ» акциясын оңалту орталықтарындағы және бейімдеу орталықтарындағы балаларға арнап 70-ке жуық акция ұйымдастырылды.
«Birgemiz: Asyl Mura» жалпыұлттық жобасы аясында қаламыздың мұражайларында қаладағы ерікті жастармен тарихи-мәдени мұраларды сақтау бойынша 15-ке жуық іс-шаралар өткен.