ӘЛЕУМЕТТІК ОРТАҒА БЕЙІМДЕЛУІНЕ КӨМЕКТЕСУДЕ

944

Экологиялық және басқа да себептерден бүгінде мүгедек болып туылатын балалар аз емес. Оларды қоғамға бейімдеп, ортада өзін еркін сезінуі үшін мемлеке тарапынан да көптеген шаралар алынып жатыр. Сол сияқты жекелеген азаматар да мемлекеттік бағдарламалар арқылы қаржыландырылып, мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдердің қоғамнан оқшау қалмай, қоян-қолтық араласып кетуіне жұмыс жасауда. Солардың бірі – шымкенттік көп балалы ана Сейітханова Гүлнұр «Қасиетті жол» оңалту орталығында саз балшық терапиясы арқылы 4 жылдан бері мүмкіндігі шектеулі балаларды емдеу ісімен айналысып жүр. Гүлнұр Сейітханқызы былтырғы жылы «Бастау бизнес» жобасы аясында 21 күндік оқу курсына қатысып, «Саз балшық ісі» бойынша мемлекеттік грантқа құжат тапсырған болатын.

Нәтижесінде жобасы оң бағаланып, 555 650 тг көлемінде қаржыға қол жеткізді. Қаражатқа кәсібін дамытуға арналған керекті құрал-жабдықтарын алды. Қазіргі таңда саз балшық арқылы емдеу әдісімен мүгедек балалардың түзеліп кетуіне біршама үлесін қосып отыр. Сондай-ақ, саз балшықтан қыш құмыралар да жасайды –Арт-терапияның көмегімен адам өз сезімдерін терең түсінуге үйренеді. Тіпті, мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік ортаға тез бейімделіп, кірігіп кетуіне бағыт-бағдар беріп отырады. Және креативтілік адам бойында сенімділікті оятып, оның қалыптасуына негіз болады, – деді Гүлнұр Сейітханқызы. Саз балшық терапиясы психотерапияның маңызды салаларының бірі – арт-терапия саласына жатады.

Сондай-ақ, арт- терапевт аптасына бір рет «Шаңырақ» отбасы институтында мүмкіндігі шектеулі және әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балаларына ақысыз сабақ өткізеді. Жүрегі үлкен жанның бұл еңбегі мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдердің өздерін қоғамның бір мүшесіндей сезініп, ортаға еркін араласуына септік етері сөзсіз.