Шымкент: 1 миллион теңгеден берілетін тұрғын үй сертификаттарына өтінім қабылдау басталды

955

Шымшаһарда мұқтаж азаматтарға ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін қайтарымсыз негізде әр азаматқа 1 миллион теңгеден берілетін тұрғын үй сертификаттарына жалпы 500 млн. теңге қарастырылып отыр. Бұл туралы қалалық әкімдіктің ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз жиынында Шымкент қаласының Тұрғын үй басқармасы басшысының м.а. Абылайхан Балықбаев мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, www.kezekte.kz сайты арқылы 130 адам құжаттарын ұсынып үлгерген. Тұрғын үй сертификатына құжаттар тек онлайн жүйеде қабылданатынын атап өту керек.

– «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несиелік бағытта баспаналы болуға ниет білдірген азамат төлем қабілеттілігін растау туралы банктің хаты және соңғы 6 айда отбасының жиынтық табысы шекті мөлшерден аспаған жағдайда (оның әрбір мүшесіне шаққанда 106336,2 теңгеден аспаса) тұрғын үй сертификатына өтінім жібере алады, — деді басқарма басшысы.

Қазіргі таңда, Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй алу тізімінде 44 850 азамат (жыл басында 42 269) тіркелген. Оның ішінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша — 1 727, көпбалалы отбасылар — 8 093, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы — 15 311, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер — 19 692, жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар саны 27-ні құрайды.

— Тұрғын үй сертификаттарын алуға құқығы бар санаттар тізбесіне мүгедек балалары бар немесе мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар; толық емес отбасылар, Шымкент қаласының мемлекеттік мекемелері мен мемлекеттік кәсіпорындарының, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт саласының мамандары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және мемлекеттік қызметшілер кіреді. Айта кетейік, өтінім беруші әрбір азамат және оның кәмелетке толған отбасы мүшелерінің электронды цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) болуы қажет, — дейді А. Балықбаев.

Спикердің айтуынша, қажетті құжаттар тізбесі қатарына нысан бойынша өтініш; өтініш берушінің және отбасы мүшелерінің (зайыбының (жұбайының), кәмелетке толмаған балаларының) жеке басын куәландыратын құжат; соңғы 6 (алты) ай ішіндегі еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен табысы туралы анықтама (барлық отбасы мүшелеріне (зайыбына (жұбайына), кәмелетке толмаған балаларына)); жұмыс орнынан анықтама; қарыз сомасы, бастапқы жарнаның мөлшері және ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша ай сайынғы төлемнің сомасы туралы мәліметтерді қамтитын, өтініш берушіге бастапқы тұрғын үй сатып алу үшін ипотекалық тұрғын үй қарызын беруді мақұлдау туралы банктің хаты — кіреді.

Ал АҚ «Отбасы банк» директорының орынбасары Еркін Ахыншаев отбасының жиынтық табысы ретінде – отбасы мүшелерінің расталған кіріс табысы есептелетінін айтты.