Мәдениет және спорт министрлігіндегі кадрлық ауыс-түйістер тоқтамай тұр. Кеше ғана туризмге жауапты вице-министр Ғабидолла Әбдірахымов қызметінен кеткен болатын, деп хабарлайды Express Qazaqstan.
Осы бір айдың ішінде министр Ақтоты Райымқұлованың екі орынбасарынан айырылды. Министрліктің ресми сайтына кірсек, басшылық құрамнан үш адамның аты ғана жазылып тұр. Яғни министр Райымқұловадан бөлек, мәдениет саласына жауапты вице-министр Нұрғиса Дәуешов пен аппарат басшысы Ернат Мұхамадиев қана қалған.
Ал мұның алдында екі апта бұрын спортқа жауапты вице-министр Ерлан Қожағапанов та 15-кіреберістен Үкімет үйіне ауысқан. Қазір ол — премьер-министр Асқар Маминнің кеңесшісі.
Айта кетейік, Қожағапанов бұл министрлікте екі рет орынбасар болды. Мұның алдында 2017-2020 жылдары туризмге жауапты вице-министр қызметін атқарған. Сосын бір жыл Алматыда Бақытжан Сағынтаевтың орынбасары болып келді. Биыл сәуір айында спортқа жауап беретін вице-министр қызметіне кірісіп еді, көп отырған жоқ. Алты айдан кейін Ақтоты Райымқұловадан қайта алыстады.
Ал Шымкенттің «зың әкімі» болған Ғабидолла Әбдірахымов министрлікте 9 ай отырды. Ол қаңтар айынан бері туризмге жауапты вице-министр болған.
Жалпы, Ақтоты Райымқұлова осы ведомствоға 2019 жылдың 17 маусымында тағайындалған. Содан бері бұл министрлікте вице-министр тұрақтаған емес. Әсіресе, спортқа жауапты орынбасар тапшы болып тұр.
Райымқұлованың осы әрекетін бұрынғы бастығы, экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы да сынап еді. Оның «Жетінші арнаға» берген сұхбатында Олимпиада ойындарындағы сәтсіздікке осы жағдай себеп болды дегені бар.
Олимпиадаға дейін министрлікте спортқа жауапты үш вице-министр ауысты. Елдос Рамазановты орнынан босатып, Сәкен Мұсайбековты тағайындады. Кейін бұл жерге Ерлан Қожағапанов келді,— деген еді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Экс-министр Ақтоты Райымқұлова Токиодағы сәтсіздіктен кейін жауапкершіліктен қашпай, өз еркімен отставкаға кету керек дегенді де айтты.
Егер жеңіліс болса, әрқашан мойындау керек. Бұл жерде жай ғана «иә» немесе «жоқ» дей салуға болмайды, солай істеуге міндетті. Жауапкершіліктен қорқудың қажеті жоқ, — деп қосқан бұрынғы Мәдениет және спорт министрі.
Жалғыз Токиодағы сәтсіздік емес, вице-министр болған Сәкен Мұсайбековтің пара алғаны расталды. Ол «алаяқтық» бабы бойынша 62 миллион теңге айыппұл төлеуге міндеттелген. Орынбасары ұсталған кезде «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сәйкес, басшысы қызметінен кетуі тиіс. Екі айға жақындаса да, министрден ондай өтініш байқалмайды.