Бұрынғы Ленин ауданының Қазығұрт атанғанына әлі 30 жылда толған жоқ. Осындай тарихи есім беру 1991 жылы, республикамыз тәуелсіздік алған бойда қолға алынғанымен, 1993 жылы шешімін тапқан болатын.
Ал, 2002 жылы сол кездегі аудан әкімі Ә.Бектаевтың қолдауымен, жазушы Қалаубек Тұрсынқұловтың жетекшілігімен тұңғыш рет «Қазығұрт энциклопедиясы» жарық көрген еді. Оның тәуелсіз елдің жастарына патриоттық рух беруде маңызы ерекше болды. Дегенменде өмір алға жылжуда. Небір қоғамдық құбылыс түгілі, адамдарда өмірден өтуде. Жаңа дәуірде жаңалықтар да көп. Өмірге жаңа есімдер келуде. Ел-су аттарыда өзгерістерге ұшыруда.
… Қазығұрт ауданына 10-шы әкім Арман Абдуллаев басшылыққа келгелі ауданның саяси-рухани өміріне жаңа леп келгендей болды. Қазығұрттың жаңа энциклопедиясын жазу қолға алынды. Осыны еске ала отырып «Қазығұрт» есімін беруге ықпал еткендерді атап көрсеткім келді. Ол да бір тарих қой.
Шындығын айтсам, өзге облыстардағы кейбір ортада «Киелі Қазығұрттан» екендігің үшін де құрмет-қошеметке ие боласың. Әсіресе, құдалық рәсімдерде жерұйығын іздеген Асанқайғы «жердің шұрайлысы, адамдардың шырайлысы Қазығұртта» дегенін келтіріп сөз бергенде төбең көкке бір елі жетпей тұрады.
Тіршілік біткен бастау алған – Қазығұрт, наурыз бастау алған – Қазығұрт… жарасымын тауып-ақ тұрған жоқ па?
Ауданымызға Қазығұрт атауы Республикамыздың тәуелсіздік алуымен тұспа-тұс келді. 1991-жылдан мүлдем жаңа өмір, жаңа заман басталды.
Ауыл академигі атанған екі бірдей майданның ардагері Әтіш Өмірәлиев былай деп еске алады: «Боранды сол күні Қазығұрт баурайындағы бөлімше фермасына бардым. Қалта радиом тәуелсіздіктің жарияланғанын жар салып жатты. «Кеме қалған» биігіне көз салсам бір алып бүркіт саңқылдап тұрып шыңды айналып жүр. Аттан түсіп, шөкелеп отырдым да «Тәуелсіздігімізді ұзағынан сүйіндір, Нұрсұлтан Назарбаевқа күш-қайрат бер!» деп дұға еттім.
Көрдіңіз бе, өмірде сәйкестіктер көп-ақ. Ал, Қазақ ССР-не еңбек сіңірген ұшқыш, Социалистік Еңбек Ері Асылбек Жасымбековты тыңдасаңыз аузыңыз ашылады. Әкесі 1937 жылғы зобалаңға ұшырап Сібірге айдалып кеткен соң ауылымыздағы нағашысын паналаған Асекең Сәтбаев орта мектебін бітіре сала «кеме қалғанға» шығып Алладан медет сұрайды.
Тіптен балалық емес пе, отынды үйіп қойып алаулатып от жағады. Ондағысы қара қазанға салған бір жұдырық майдың иісі періштелерге жетсін дегені-ғой.
Сондағы үңгірге әскери ескі шинельді жамылып түнеп шығады. Сонан жолы шынымен-ақ ашылады. Свердловскіден авиациялық училищесінің директоры генерал-полковник сыртта жаттығу жасап жүргенін байқап-ақ, оқуға қабылдайды. Елге келгенде «кеме қалғанға» барып түнейтін көрінеді.
Әскери полктен, азаматтық авиацияға ауысқанда Байкен Әшімов, Нұрсұлтан Назарбаев мінген ұшақтарды басқарған. Ол кісілермен жақыннан танысқан азаматтың бірі.
Тәуелсіздік жарияланған сәтте ауа райына қарамай жанынан Кәрім Дүйсенов, Әбдірбек Зиятбеков, Түзел Үйсінбаев, Ромен Ахаев сынды достарын ертіп биік шыңда түнеп шығады. Қазығұрт қос шоқысының тарихы дәл Асекеңдей дәріптейтін жанды кездестірген емеспін.
Бір қолайсыздығы «Қазығұрттың Құрметті азаматы» марапатына қолы жетпей кетті. Оған бала кезінде Жамбылдың Шу ауданында өскені себеп болыпты. Өкінішті-ақ.
Киелі Қазығұрттың қадір-қасиеті жайлы осындай әфсаналар жеткілікті.
Енді осындай тамаша атауды ұсынғандар мен орындаушылар жайына тоқтала кетейін.
Тәуелсіздіктің жарияланысымен сол кездегі Ленин аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы әрі Кеңес төрағасы Молдабай Ильясов ағамызға Алматыдан Қалаубек Тұрсынқұлов қоңыраулатып Лениннің есімін – Қазығұртқа ауыстыру жайлы ұсынысын жеткізді. Арада бір-екі күн өткен соң Әділ Сасбұқаев ағамыз келіп орынды ұсынысты іске асыру шараларын іздестіреді. Ауданға ат беру республикалық дәрежеде шешілетін шаруа. Енді бұл іске Қарағандыдағы танымалы академик Зейнулла Молдабеков, Шымкенттен сол кездегі пединституттың ректоры, Профессор Мырзахан Сарсенбаев жәрдем қолдарын созады.
Ал, елдегілердің біразы бұрынғы Қаратасты қайтарып алуды қалайды. Қазығұрт тауы болса дағы екі ауданды қақ бөліп тұр. Ленгір атауы Кеңестің кезінде-ақ, Төлеби болып ауыстырылған болатын. Қазығұрттағы аты аңызға айналған «Кеме қалған» шыңы және айналасы Төлеби ауданының шекарасына кіреді екен. Бұл тараптың да көңілін аулауға тура келіп, екі арада келіссіөз жүргізіледі. Төлебилік Айтқұлов Идеят, Ташев Зиятбек, Тұрғынбеков Елтай, Алдаберген ақсақал, Бектаев Әбдікерімдер бас болып, Молдекең бастаған делегацияға «сәттілік» тілейді. Ауыл расындағы мәмілелер жолға қойылған соң бұл мәселе аудандық сессияда, партактивте қаралып оң шешімін табады.
1993-жылғы көктемде ұлан асыр той өткізілді. «Қазығұрт» есімін бергізгендерден айналып кетсең болады.
Тастанбек Бердіқұл Қазығұрт ауданының Құрметті азаматы