Қанат Сұлтанбеков: LRT-ның жоғалған ақшасын Жақсыбеков пен Әлиевтен сұрау керек

825

ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов ұсталғалы бері LRT ісімен күдікке ілінген Қанат Сұлтанбековтің дауысы мұхиттың арғы жағынан оқтын-оқтын естіліп жатыр. Ол бүгін тағы ақталып, LRT ісі туралы пост жазды. Байқауымызша, «Пандора жәшігінің» қақпағы ашыла бастаған сыңайлы…

Nege.kz оқырмандары керегін алар деген оймен Сұлтанбековке де мінбер ұсындық.

Сонымен, Сұлтанбеков былай дейді: «Мен ешқандай да ұйымдасқан қылмыстық топ құрғам жоқ, LRT мен BRT құрылысы бойынша ешқандай да ақша ұрлаған емеспін. Мен оның бір тиынын да алмадым. Қысқаша баяндайын.

2009 жылдың қазаны мен 2014 жылдың желтоқсаны арасында Астана қаласы әкімінің орынбасары болдым.

2016 жылы (мен әкімдіктен кеткен соң 2 жылдан кейін) әкімдік ЛРТ ақшасын (257 млн доллар) Астана Банкіне аударды, ақша сол күйі жоқ болды. Құрылыс сол себепті тоқтап, «жемқорлық ескерткіші» пайда болды.

Астана ЛРТ.

Енді рет-ретімен баяндайын.

2012 жыл. Үкімет пен Тұңғыш президент Alstom (Франция) компаниясымен бірігіп, LRT салу туралы шешім қабылдады. Alstom жер бетімен жүретін трамвайды (еуропа елдеріндегідей) ұсынды. Сол жылы Тасмағамбетов оны өзгертіп, трамвайды эстакадаға көтеруді (Дубайдағыдай) тапсырды.

Мұның имидждік жоба екенін, шағын қалада жолаушылар аз болғандықтан жуық арада өзін-өзі ақтамайтынын бәрі түсінді.

2013 жыл. Тұңғыш президент жобаны тоқтатты, ал әкім Тасмағамбетов жобаның құнын арзандату үшін ел басшылығын LRT-ны BRT-ға – эстакада трамвайларын автобус жолағына ауыстыруға көндірді.

2014 жыл. Үкімет пен Тұңғыш президент BRT жобасын мақұлдады және құрылысты бастауға пәрмен берді. Батыс мамандарымен кеңесті, жоба жасады, құрылысты бастауға келісім шарт жасалды.

2014 жылдың күзі. Тасмағамбетовті Қорғаныс министрлігіне ауыстырып, орнына Жақсыбековті тағайындады.

И.Тасмағамбетов.

Сол жылы Астананың әкімі Жақсыбеков мені өзінің ұлы Дәуренге жіберді. Ол барлық транспорттық жобалардан «откат» сұраған болатын. Мен одан бас тарттым да, жұмыстан кетуіме тура келді. Айтылған әңгіменің әрбірін жіліктеп, Дәуреннің бұл жобалардың тізімін қалай асқан қызығушылықпен зерттегенін айта отырып, бұл туралы көп нәрсе жазуға болады.

2014 жылдың желтоқсаны. Мен әкімдіктен кеттім де, менің орныма Нұрәлі Әлиев келді. Жақсыбеков ел басшылығын LRT жобасына қайта оралып, қытай технологиясымен салуға көндірді. Қазіргі «салынғаны», анығында тоқтап тұрғаны – Жақсыбеков пен Әлиев тықпалаған жоба.

Сол жылы Мәсімовтің Қытайға сапары барысында LRT-ны қытай компаниялары салады деген шартпен халықаралық займ тартылды.

2016 жыл. Қытайдың LRT салуға деп бөлген 257 млн доллары Астана Банкіне аударылды да, түсініксіз себеппен банк банкрот боп қалды. Ал құрылыс тоқтады.

Бұл ақшаның қайда кеткенін банк есепшоты арқылы анықтауға болады, бірақ тергеу мұны істемей отыр.

Президент Тоқаев 2019 жылы (Deutsche Welle) Қытайда LRT жобасы бойынша кінәлілер сотталғанын айтты. Ендеше LRT-ның қытайлық вариантына 2 жыл бұрын жұмыстан кетіп қалған менің қандай қатысым бар?

К.Мәсімов.

Бұл іс бойынша мені және басқа да адамдарды айыпты етіп шығарып, «Астана ЛРТ қылмыстық ісі» деп аталатып үлкен өтіріктің фигурантына айналдырды. Біз BRT  бойынша жұмыс істесек те, жобалар бойынша негізгі шешімдерді қабылдаған Астана әкімі, вице-министрлер, министрлер, Премьер-министр және Президент әкімшілігі сияқты тізбекте кішкентай адам болсақ та, қолдан айыпты етіп шығарды.

Жемқорлыққа қарсы қызмет мені ЛРТ-ға бөлінген ақшаны жымқыруды ұйымдастырды деп айыптады.

Айыптаудың бар негізі етіп 2014 жылы 5 наурызда қол қойылған жобаның техникалық-экономикалық шығындарының сметалық жиынтығы құжатын алған. Бұл жоба «Астана қаласының транспорттық жаңа жүйесі» деп аталады. Бұл BRT, ITS құрылысының бастапқы кезеңі болатын.

Ол кезде Үкімет әкімдікке қысым жасап, келісімге тездетіп қол қоюды талап етті. Тиісінше, Тасмағамбетов маған талап қойды, ал мен басқа мамандардан Үкімет тапсырмасын тездетіп орындауды талап еттім. Тергеу бұдан менің қылмысымды көріп отыр-мыс.

Осындай жағдайдан кейін мен және басқа да мамандар Тасмағамбетовпен келісе отырып, жобаға қол қойдық. Тергеу аралық құжатқа қол қойғандардың бәрінің қылмысын дәлелдедік деп мәлімдеді.

Әр нәрсені өз атымен атасақ, BRT жобасы бойынша ғана айыптауда, ал LRT жобасы бойынша ешкімді тергеген жоқ, тергеу жүргізілмеді, 257 млн долларды ешкім іздеп жатқан жоқ. Әкімдер мен Үкімет мүшелерінің ешбірі тергелмеді. Негізгі шешімді қабылдаған солар болатын».

Сұлтанбеков Манхэттеннің туристерден тыныштау көшесінде кофе ішіп отырып, осылай деп жазыпты. Бұған Әділбек Жақсыбеков, Нұрәлі Әлиев және Иманғали Тасмағамбетов не деп жауап берер екен?