Басты Түркістан облысы Түркістанда «AMANAT music — 2019» ІІ Халықаралық конкурс-фестивалінің іріктеу кезеңі...
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауына орай, сонымен қатар «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларын жүзеге асыру мақсатында «Аманат өнер орталығы» балалар мен жасөспірімдер шығармашылығына арналған «AMANAT music-2019» ІІ Халықаралық конкурс-фестивалін өткізуде.
Конкурс-фестивальге дәстүрлі ән, жыр-терме, вокал, аспапта орындаушылық, халықтық ансамбльдер, актерлік өнер және ұлттық би номинациялары бойынша 5 жас пен 21 жас аралығындағы талантты жастар қатысуда.
Осы орайда, бүгін Түркістан қаласында «AMANAT music — 2019» ІІ Халықаралық конкурс-фестивалінің іріктеу кезеңі өтті.
Байқауға 5-21 жас аралығындағы өнерге ынталы, талантты жастар қатысты. ⠀
Алты номинация бойынша өткізілген байқаудың іріктеу кезеңінде Ұлттық би өнері бойынша Бас жүлдені Сайрам ауданынан келген «Самғанұр» би тобына берсе, 1 орынды Түркістан қаласы «Шолпан» балабақшасының бүлдіршіндерінен құралған «Самға» би тобы еншіледі. Вокал бойынша 16-21 жас аралығындағы қатысушылардан Бас жүлдені — Түркістан қаласының «Угай» дуэті,1 орынды — Созақ ауданынан келген Қойшыбай Аяулым иеленді. Ал, 5-7 жас аралығындағы қатысушылардан Бас жүлдені — «Амина» балабақшасынан Асылхан Айбике, 1 орынды — «Балбөбек» балабақшасынан Сейділда Нұршат қанжығаларына байлады.
-«Үш кезеңнен тұратын конкурс — фестивальдің іріктеу сынынан өткен жеңімпаздар Алматы қаласында Ұлттық домбыра күніне орай маусым айында өтетін Республикалық сайысқа, Республикалық сайыстан өткендер Астана қаласында қараша айына жоспарланған Халықаралық қорытынды кезеңге жолдама алады. Бұл шешуші кезеңде еліміз бойынша іріктеліп алынғандар шетелдік өнерпаздармен сайысқа түседі. Шет мемлекеттегі өнерпаздар шілде-қыркүйек айларында іріктеуден өтіп, Астана қаласында өтетін сайысқа шақыртылады. Қазіргі кезеңде Түркия, Германия, Венгрия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Монғолия, тағы да басқа мемлекеттерге барып, 1-ші іріктеу кезеңдерін өткізу үшін келіссөздер жүргізілуде»,-деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты,әнші, ұстаз Сәуле Жанпейісова.
«AMANAT music» ІІ Халықаралық конкурс-фестиваліне Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Алматы қалалық әкімшілігі және «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы қолдау білдіруде.
Бірінші кезеңнен өткен жеңімпаздардың өнері Қазақ Радиосы арқылы халыққа насихатталмақ.
Сонымен қатар, аталмыш жобаның тағы бір ерекшелігі фестивальдің екінші күні конкурс жеңімпаздары мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты,әнші, ұстаз Сәуле Жанпейісованың бірлескен «Өнер жолы» атты концерттік бағдарламасы халыққа ұсынылады. Кең ауқымда ұйымдастырылып отырған бұл жоба жастар мен жасөспірімдердің бойында ұлттық өнердің дамуына, әрі патриоттық сезімдерін қалыптастырумен қатар, халықаралық достық қарым-қатынастың тереңдеуіне жол ашады.
Айта кетсек, 2017 жылы Алматы қаласында «Алатау» дәстүрлі өнер театры мен «Аманат» өнер орталығының құрылғанына 1 жыл толуына орай ұйымдастырылған І Халықаралық «AMANAT music» конкурс-фестиваліне Республикамыздың бірнеше облыстары мен Якутия, Венгрия, Қырғызстан, Монғолия, т.б. мемлекеттерден 150-ге тарта өнерпаз қатысып, жоғары деңгейде өткізілген болатын. Фестивальдің гала-концертін «Qazaqstan» Ұлттық арнасы түсіріп, эфир арқылы халыққа насихатталды.