Құжатқа сәйкес, салымшылар енді зейнетақы жинақтарын ипотеканың ай сайынғы төлемін азайтуға немесе несиенің мерзімін қысқартуға бағыттай алады.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі әзірлеген жаңа заң жобасы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) қаражатты тұрғын үй қарыздарын өтеуде кеңінен пайдалануға жол ашады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Құжатқа сәйкес, салымшылар енді зейнетақы жинақтарын ипотеканың ай сайынғы төлемін азайтуға немесе несиенің мерзімін қысқартуға бағыттай алады.
Министрлік түсіндіргендей, бұрын БЖЗҚ қаражаты ипотеканың негізгі қарызын да, пайызын да өтеуге жұмсалса, жаңа тәртіп бойынша жинақ тек негізгі қарызды жабуға ғана пайдаланылмақ. Пайыздық бөлігін өтеуге рұқсат берілмейді.
Бұл өзгерістер жаңа Салық кодексімен сабақтас. 2026 жылдан бастап тұрғын үй сатып алу немесе емделу мақсатындағы біржолғы зейнетақы төлемдерінен жеке табыс салығы ұсталмайды. Яғни, азаматтар қордағы қаражатын толық көлемде кәдеге жарата алады. Ведомство бұл шешім біржолғы төлемдерді пайдалануды жеңілдетіп, азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуына қосымша мүмкіндік береді деп отыр.
Заң жобасы 21 қарашаға дейін қоғамдық талқылауда. Құжат қабылданса, ипотека жүктемесін азайту мен қарызды жылдам жабуға ұмтылған салымшылар үшін жаңа тетік тиімді құралға айналуы мүмкін.














