Бұлардың мүлкінің бәрін тәркілеп, мемлекеттік бюджетке қайтару керек!

659

ҚР Парламентінде өте дұрыс мәселе көтерілді.

Берік Дүйсенбинов ағамыз елдегі жалған квазимемлекеттік компанилардың тізімін атады. Олардың саны 6000-нан асып жығылады екен. Ең бір сорақысы — осы көлеңкелі экономиканың көшбасшылары болып отырған квазимемлекеттік компаниялар мемлекет табысының 60 пайызына жуығын қалталарына басып отыр екен. Бұл деген масқара ғой. Сіздің салығыңыз бен төлемдеріңіздің тең жартысынан астамын осылар жымқырып отыр деген сөз.

Ал, енді өзім айналысып жүрген жер дауы мәселесіне келейін. Біздің ауданда Алтынтөбе ауылы округі мен Қарабау ауыл округінде 15000 халықтың несібесі болып отырған 20000 гектардан аса жерді «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мен «Аграрық ғылыми білім беру орталығы» меншіктеп алған. Бір қызығы — ҚР-да әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар туралы заң да жоқ, оны қорғайтын тетік те жоқ. Бірақ осы заңсыз құрылымдар халықтың мүлкін иеленіп, бір бірімен араздастырып отыр.

2009 жылы «Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар» туралы заң жобасы Парламентке үкіметтің қаулысымен берілген. Бірақ Парламент заң жобасын қабылдамай, кері қайтарып тастаған. Қайта тағы да үкіметтің қаулысымен берілгенде, тағы да қайтарып тастаған. Заңсыз құрылым СПК (Социальная предпринимательская корпорация) халықтың жерін меншіктеп алып, миллиардтап қаражат тауып келді. Халыққа мүлдем пайдасы болмады. Керісінше, табысынан қағып, жұмыссыз қалдырып, ағайынды алты елді мекенді алауыз қылып бітті. Пайда тапқан тек СПК-мен сыбайлас лоббисттер ғана болып, халықтың әлеуметтік жағдайы жайында қалды. Берген уәделерінің бірі де орындалмады.

Берік Дүйсенбинов ағамыз өте дұрыс бастама көтеріп отыр. Бұлардың мүлкінің бәрін тәркілеп, мемлекеттік бюджетке қайтару керек деді. Қолдаймын. Тәркілеп, ұрлықтың бәрінің бетін ашып, жазасын беру керек.

Қазығұрт ауданында Алтынтөбе ауылы округі мен Қарабау ауыл округінің жерлері осындай заңсыз құрылымның меншігінде тұр. Халықта не жер жоқ, не жұмыс жоқ, не кәсіп жоқ.

Құрметті, еститін мемлекеттік басшылары!
Сіздерден осы заңсыздықтардың бәрінің алдын алып, халықты ашындырмай, құқын ретке келтіріп берулеріңізді талап етеміз!
Парламент мәжілісіндегі басқа да депутаттар:
Қазыбек Иса
Жанарбек Әшімжан
Еділ Жаңбыршин ағаларыма да осы күрделі мәселелерді жетізгім келеді.

Ағалар, біз жақта халық қиналып отыр. Біз жақтағы жұртшылықтың зары мен мұңына құлақ түріңіздер!

Бекболат ҚАРЖАН, 

«Адырна» ұлттық порталы