ЕУРОПАЛЫҚ ЖУРНАЛИСТЕР ТҮРКІСТАННЫҢ СӘУЛЕТІН ЖОҒАРЫ БАҒАЛАДЫ

704
Түркістан облысына Еуропаның бірнеше мемлекетінен беделді БАҚ өкілдері келді. Атап айтсақ, Италия, Испания, Бельгия, Австрия, Португалия, Болгария, Польша, Чехия және Словакия мемлекеттерінің танымал ақпарат құралдарының журналистері Түркістан қаласындағы тарихи орындар мен көрікті орындарын аралады. Инвестициялық жобалармен танысты.
Оларды Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қарсы алып, өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуы туралы сұхбат беріп, жаңарған Түркістанмен таныстырды.
Еуропалық меймандар алдымен Түркістандағы халықаралық әуежайды көрді. «Түркістан Арена» стадионы мен «Оқушылар сарайының» да әлеуетін жоғары бағалады. Сонымен бірге «Halyk Bank» банкінің облыстық филиалының жаңа ғимараты, «Rixos Turkistan» қонақ үйі мен «Керуен сарай» кешенінде болып, 8D форматындағы «Алтын самұрық» театрын тамашалады. Түркістан музыкалық драма театры мен «Farab» кітапханасын көріп, руханият саласына жасалған қолдауды жоғары бағалады. Сондай-ақ меймандар Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде болып, қазақтың тарихымен танысты.
Кездесу барысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Еуропаның танымал ақпарат құралдарының журналистеріне Түркістан облысын дамыту, Түркістанды туристік және рухани орталыққа айналдыру бағытындағы жұмыстарды баяндады. Өз елдеріне барған соң Түркістан туралы кеңінен жазып, Еуропа жұртшылығын тарихи шаһарға саяхаттауға шақырды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі