«Тест біліктілік көрсеткіші емес». Ұстаз қазасынан кейін әріптестері дабыл қақты

970

Алматыда мектеп мұғалімдерінің аттестациясы кезіндегі қайғылы жағдайдан кейін еліміздегі ұстаздар бұл сынақты сынға алып, түкке қажеті жоқ деген ойларын айта бастады. Сөйтіп, олар аттестацияны мүлдем алып тастау керек дегенді алға тартып отыр.

Бірақ ұстаздардың ойына қатысты Білім және ғылым министрлігіндегілердің пікірі басқаша, деп хабарлайды Экспресс К.

Біліктілік тесті кезінде адам өмірінің қиылуы еліміздегі ұстаздар қауымына қатты әсер етті. Басым көпшілігі әлеуметтік желі арқылы өз ойларын, талаптары мен шағымдарын жазуда. Әсіресе, 20-30 жылдық еңбек өтілі бар мектеп мұғалімдерінің пікірі ерекше.

Жасы 50-ден асқан ұстаздарды тесттен босату керек. Жасы ұлғайған сайын олардың созылмалы аурулары көп болады. Ал салдары не болды?

— делінген бір жазбада.

Тіпті «№561 бұйрық мәртебемізді «мәртебесіз» қылғандай талай ұстазды күйзеліске ұшыратады» деп те жазылған. Мектеп мұғалімдері өздерінің жылдар бойы тірнектеп жиған абыройын, тәжірибесі мен білімін тестпен сынау қисынсыз екенін айтуда. Яғни әр сынақта санатын көтеріп отырған ұстаз соңғы сынақтан құлап қалса бәрі күйеді. Қарапайым педагог деңгейіне түседі. Ойларын жазған ұстаздар осыны меңзеп әлек.