«Ол туралы әңгіме көбейіп барады». Айдын Рахымбаев 1 миллиард теңге салықтан НЕГЕ жалтарған?

1299

Мемлекеттік кірістер комитеті Айдын Рахымбаевқа тиесілі «BI Group» холдингінің 2021 жыл мен биылғы жылдың 4 айында 900 миллион теңге салықтан жалтарғанын анықтап, оған осы көлемде қосымша салық салған. Онымен қоса «BI Group» салықтық жүктеме коэффиценті төмен компания деп танылып отыр.

Ол дегеніміз, компания ірі көлемде кіріс тауып жатса да, салықтан жалтарып, бюджетке аз қаржы төлеп келген. Сондықтан, салықтық жүктеме коэффиценті төмен заңды тұлғаларды аса жіті тексеру жұмысы аясында, Мемлекеттік кірістер комитеті құрылыс компанияларына, оның ішінде «BI Group» компаниялар тобына қатысты салықтық тексерістер бастады.

Мемлекеттік кірістер комитеті ақпараты бойынша, құрылыс компаниялары бір жарым жылда 11 миллиард теңге салықтан жалтарған. Осы факт анықталғаннан кейін, оларға мемлекет сол 11 миллиард теңгені қайта төлетті. Қазір «BI Group» бойынша 15 салықтық тексеру жүргізіліп жатыр.

«BI Group» холдингі ғимараты. Фото: company.bi.group

Оның алдында біз «BI Group» бойынша тергеудің қайта жанданғанын жазған болатынбыз. Құрылыс компаниясының ковидті госпитальдар мен BINOM мектептерін салу барысында мемлекет қаржысын талан-таражға салғаны анықталса, оның қожайыны Айдын Рахымбаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалуы мүмкін.

Nege.kz дереккөзінің мәліметінше, «Қаңтар оқиғасының» арқасында құзырлы тергеу орындарының басшылары ауысқаннан кейін, бұл істі қайта қарау қажеттілігі туындап отыр.

Айдын Рахымбаев – Forbes жаңарған отандық байлар тізімінде 17-сатыда келеді. Оның байлығы 510 миллион долларға немесе қазіргі бағаммен 225,7 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Ол – «BI Group» холдингінің акционері және директорлар кеңесінің төрағасы. Оның ковид пандемиясы кезінде мемлекеттің мол қаржысын шашып, модульді госпитальдар салуы мен бюджет есебінен тым қымбат бағаға BINOM мектептерін тұрғызуы қоғам өкілдері мен тексеруші органдар тарапынан түрлі сұрақтар туғызды.

Айдын Рахымбаев «мемлекет қаржысының жұмсалуы бойынша ашық есеп беремін» дегенімен, ол уәдесін әлі орындаған жоқ.