Бас прокуратура: Алматы облысында «Үтік басып, азаптау» ісі бойынша 25 адам зардап шегуші ретінде танылды

1603

Қаңтар оқиғасы кезінде Аллматы облысындағы тергеу кезінде ыстық үтікпен азапталғандар ісі бойынша 25 адам зардап шегуші ретінде танылды. Бұл жөнінде Орталық коммуникация қызметінде өткен брифинг кезінде бас прокуратураның өкілі Серік Шалабаев мәлімдеді.

«Шағым түсіргендердің барлығының азаптау тәсілдері туралы сипаттағандары ұқсас», — деді бас прокуратура өкілі.

Оның ақпаратына қарағанда, арнаулы прокурорлар азаптау ісіне полицияның бес қызметкерінің қатысы бар екенін анықтаған. Олардың үшеуі кінәсін «мойындаған».

Ведомство хабарына қарағанда, неғұрлым көп резонанс тудырған сегіз іс бойынша арнаулы орган мен құқық қорғау органының 15 қызметкері күдікті ретінде танылған. Олардың тоғызы қамауға алынған. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы облысындағы департаментінің екі қызметкерін тергеу аяқталған. Оларға «қамаудағыларды ұрып-соғып, кісі өліміне дейін жеткізді» деген айып тағылған.

Қазақстанда Қаңтар оқиғасынан кейін мыңдаған адам қамауға алынып, жүздеген адам терроризмге, жаппай тәртіпсіздікке, қару-жарақ ұрлығына, өзге де қылмыстарға қатысы бар деген айыппен тұтқындалған.

Тұтқындалғандардың көбі құқық қорғау органдарының қорлап, азаптағанын мәлімдеген. Қазақстан билігі азаптау ісіне байланысты 200 шағым түскенін, қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған.

Қазақстанда азаптауға байланысты қылмыстық істердің сотқа жететін кезі сирек, айыптау үкім шығатын жағдай да өте аз кездеседі. Қазақстан билігі істі халықаралық тергеуге тапсыру жөнінде құқық қорғаушылардың ұсыныстарын қайтарып тастаған.

Тергеу кезінде рұқсат етілмеген тәсілдерден азап көргендер ісі бойынша зардап шеккендер арада бірнеше ай өтсе де тергеудің жылжымай тұрғанына алаңдап жүрген. Тергеуде азап шеккен ондаған адам сәуір айынан бастап, Алматы прокуратурасына келіп, азаптағандарды жауапқа тартуды талап ете бастаған.

Маусымның басында олардың кейбірін билік әуелі 15 тәулікке, кейін екі айға қамаған.