«ШЫРҚАЛ ӘН, ТӨГІЛ ДАУЫС» ТУРНЕСІ ШЫМКЕНТТЕ ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ

669

Бүгін Шымкент қаласының Ақпараттық – коммуникациялық орталығында Хатимолла Жәңгірұлы Бердіғалиевтің 70 жылдығына арналған республикалық «Шырқал ән, төгіл дауыс» турнесінің өтуіне байланысты Батыс Қазақстан облысынан келген делегаттар баспасөз брифингін берді, деп хабарлайды ardak.kz ақпараттық агенттігі.

«Биылғы жылы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, айтыскер ақын, жыршы-термеші, дәстүрлі әнші Хатимолла Жәңгірұлы Бердіғалиев мерейлі 70 жасқа толып отыр.

Осы орайда, Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің және облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясының ұйымдастыруымен республикалық «Шырқал ән, төгіл дауыс» турнесі бастау алды. Бүгін 21 маусым күні Шымкент қаласындағы Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда сағат 19:00 де Хатимолла Жәңгірұлының шығармашылық концерті өтеді. Бұл концертте Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әртістері Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген артисі, Қанатқали Қожақов пен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Айбар Хайрхановтар да өнер көрсететін болады»-деді Олжас Сейтимов.

Хатимолла Жәңгірұлының репертуарында қазақтың үш жүзден астам халық әндері, Бұқар, Базар, Қашаған жыраулардың терме-жырлары, Мұхит Мералиевтің, Ғарифолла Құрманғалиевтің және халық композиторларының әндері де бар. Қазақ радиосының алтын қорына Хатимолла Бердіғалиевтің өнері туралы хабар және «Ел» продюссерлік орталығында жазылған 83 әні енгізіліп, қазіргі таңда ұлтымыздың үн жариясының әуе толқынында әуелеп келеді. Хатимолла Бердіғалиев есімі алты алашқа мәлім болған, айтыс пен ән өнерінде елінің ықыласына бөленген дарынды тұлға. Турненің мақсаты; руханият кеңістігін ұлттық тәрбиемен астастырып, патриоттық идеялогияны қалыптастыру және қазақ даласындағы дарынды дарабоздардың есімдерін дәріптеу арқылы төл өнерімізді қастерлеу болып табылады.