IT САЛАСЫНЫҢ ҚЫР-СЫРЫН ҮЙРЕТЕТІН ВЕБИНАР ӨТТІ

612
Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығында «IT мамандығын бастау үшін қандай бағытты таңдау қажет?» атты тегін вебинар сабақ ұйымдастырылды. Вебинарға қала жастары белсенді қатысты. Ұйымдастырушылар мақсатымыз жас буынға IT мамандығының қыр-сырын үйрету дегенді алға тартты.
Бүгінгі вебинарда IT саласында тәжірибесі мол Дәулет Мекемтас және Әділ Абсаматов өз білімдерімен бөлісіп қана қоймай, болашақ IT мамандарын жігерлендіріп, мотивация берді десе де болады.
– Нұр-Сұлтан, Алматымен салыстырғанда Шымкент қаласында IT саласы кенжелеп келеді. Сондықтан, әріптестеріммен ақылдасып, қала жастарына IT мамандығының қыр-сырын үйрету үшін, тегін вебинар сабағын ұйымдастыру жоспарланды. Өзім осы салада жүргеніме бес жылдан асты. Осы жылдары бірнеше бағдарламалар құрастырып, оны жас мамандарға үйретіп келемін. Оның ішінде «During Maps», «Medical» деп аталатын программаларым бүгінде қолданыста. Осы салада жүріп, бірнеше жобалардың авторы болып, жетістіктерге жеттім. Ендігі мақсатым оқып-тоқығанымды жас өскінмен бөлісу,- деді спикер Дәулет Мекемтас.

Технология тым жасарып бара жатыр. Ол бұрын да жастар мен жасөспірімдер алдыңғы шепте жүретін сала болды. Бірақ ақпараттық технология саласы жастарды әдейі таңдайтындай. IT мамандарына сұраныс Қазақсанда ғана емес, әлемде үлкен сұранысқа ие. Бұл мамандық жас талғамайды. Сондықтан, бәсекеге қабілетті болып, білім алып, тәжірибе жинақтауға ешқашан кеш болмайды.

Әлем сандық ақпараттар ағымымен болашаққа ілгері жылжып келеді, яғни, IT саласының маманынсыз болашағымызды елестету мүмкін емес. Болжамдарға сүйенсек, 2030 жылға таман бірнеше жаңа мамандықтар қалыптасады әрі барлығы технологиямен тығыз байланыста болады.

IT саласы бойынша білім алушылар саны артып жатыр. Сәйкесінше, бәсекелестер қатары да көбеюде.