ТАТУЛЫҚ, БІРЛІК, КЕЛІСІМ — БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ ЕЛ ҮШІН

749

«Жалпыұлттық бірлік – қуатты мемлекет болудың басты кепілі» атты тақырыпта Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығы» мекемесінің қызметкерлерімен жиын өтті, деп хабарлайды ardak.kz ақпараттық агенттігі.

Аталған кездесудің мақсаты – жергілікті тұрғындарға, жастар өкілдеріне қоғамдық келісімді сақтау, этнос өкілдері арасында мемлекеттік тілдің қолданылу аясын нығайту, құқықтық тәрбие мен жастар арасында әскери міндеттілікті өтеу мәселелерін түсіндіру болды. Кездесуге қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің бөлім басшысы А.Исаева қатысты. Ол ұлттық бірегейлік пен Қазақстан халқының бірлігін, тұрақтылығын сақтауға бағытталған тақырыпта баяндама жасап, қоғамдағы татулық пен ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды. Тәуелсіздік кезеңіндегі табыстарға береке-бірліктің арқасында ғана қол жетті. Бұл-егемен еліміздің баға жетпес байлығы. Сондықтан бұл қастерлі құндылықтар әрдайым айнымас темірқазығына айналған. Ал ішкі саяси тұрақтылық — әрбір қазақстандықтың зор жауапкершілік пен белсенділік танытуының нәтижесі. Жиынға қатысушылар да осы құндылықтар жөнінде өз ойларын жеткізіп, пікір алмасты.

Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласы аумағындағы 23 тұрғын алапта этнос өкілдері жинақы қоныстанған. Осы аумақтағы тұрақтылықты сақтау, мемлекеттік саясат пен қолданыстағы заң талаптарын түсіндіру, жағымсыз жағдайлардың алдын алу бағытында жыл басынан бері 54 мақсатты кездесу өткізіліп, этносаралық қарым-қатынасқа ықпал ететін ықтимал жағдайларға талдау жасалды. Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан 17 этномәдени бірлестік қызмет атқарып жатыр. Ал, олардың жанында 21 шығармашылық ұйым мен 3 жексенбілік мектеп жұмыс істейді.