ШЫМКЕНТТЕ АЛДАҒЫ 3 ЖЫЛДА 5 ЕМХАНА, 200 ОРЫНДЫҚ ПЕРИНИТАЛДЫҚ ОРТАЛЫҚ АШЫЛАДЫ

765
Бүгін Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов Үкімет отырысында “Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау” ұлттық жобасын іске асыру бойынша баяндама жасады.
“Соңғы 8 айда белгіленген 9 индикатордың 8-і орындалды. Бір индикатор бойынша – «Халықтың күтілетін өмір сүру ұзақтығы» туралы мәлімет 2023 жылы шығады”-деді әкім баяндамасында.
Соңғы жылдары қалада туу көрсеткіші жоғарылап, аяғы ауыр келіншектер мен 5 жасқа дейінгі балалар патронажы 73%-дан 100%-ға өсті. Дерекке сәйкес, шетінеген нәрестелер саны да жоспарлы индикаторға әсер етуде. Дегенмен болжам шегінде.
Түркістан облысының негізгі денсаулық сақтау ұйымдары Шымкентте орналасқан. Сол себепті өлім көрсеткіші қалада тіркеледі. Ал Ұлттық статистика бюросы бұл мәліметтерді түзетіп отырады.
Шаһар басшысы сәбилердің өмірін сақтап қалу бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Биыл Шымкентте балалар үшін 10 мобильді педиатриялық бригада құрылды. Емханаларда отбасын жоспарлау және баланы дамыту кабинеттерінің саны 2 есеге артты.
Алдағы 3 жылда 5 емхана, 200 төсектік заманауи периниталдық орталық, университеттік аурухана мен 700 адам қабылдайтын орталық салу жоспарда бар.