ТҮРКІСТАНДА «ТЕКТІ СӨЗДІҢ ТӨРЕСІ» ТЕРМЕЛЕР ЖИНАҒЫНЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

1097
Бүгін «Farab» кітапханасында Түркістан облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен Түркістан мақамдары негізінде жарық көрген «Текті сөздің төресі» термелер жинағы оқырманға жол тартты.
Кітаптың тұсаукесеріне белгілі ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса мен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Қазақтың терме өнеріне арналған бұл еңбек ұстаздарға, музыка мектептері оқушылары мен колледж және жоғары оқу орындарының студенттеріне, өнерді жанына серік еткен барша қауымға арналып отыр.
Бұл жинаққа Түркістан өңірінен шыққан Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Қызыл жырау, Құлыншақ Кемелұлы, Құтпай Дүрбаев, Қайыпназар Әйтпенов, Қасқырбай Серікбаев (Қасқыр ақын), Ағман Сабырханов, Жиенбек Шырынбеков, Әбдінәсір Әбдірайымов сияқты ақындардың сөздеріне мақам шығарып, ел ішінде орындап жүрген жыршы-термеші Тәшман Шекеров, Ергешбай Жұмабаев, Бауыржан Бекахметов, Сәкен Бегманов, Қанат Дауылбаев т.б. орындаушылардың нотаға түсірілген мақамдары енгізілген.
Айта кетейік, кітап заманауи ІТ-технологияларға сүйенген медиаконтентпен сүйемелденеді. Ерекшелігі сол, жинаққа енгізілген термелерді QR-код арқылы тыңдауға болады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі