Түркістан облысының әкімі 246 млн теңге жұмсалған спектакль туралы пікір білдірді

906

Әкімнің айтуынша, спектакльдің сметасы тексеріліп, ешқандай тәртіп бұзушылық анықталмаған

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев 246 миллион теңгеге өткізілген спектакльге қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте тілшілер «Бөрте» спектаклі жайында сұрады. Түркістан музыкалық драма театры оны 246 миллион теңге қойған. Ал басқа қалаларда ондай қойылымға 4-5 миллион теңге ғана кетеді. Тендерге Түркістан театрының директоры да қатысқан.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, спектакльдің сметасы тексеріліп, ешқандай тәртіп бұзушылық анықталмаған.

«Біз барлық сметаны тексеріп шықтық. Онда артық ештеңе жоқ. Оның су жаңа театр екенін ескеру керек. Декорациялары мен костюмдері бар, режиссер мен авторлардың гонорары, актерлердің жалақысы бар. Бәрін есептеп жасаған. Оны тексеріс те растап отыр», – дейді Шөкеев.

Оның айтуынша, бүгінде жаңа театр қаланың көрікті орнының біріне айналды. Спектакль көруге басқа аймақтардан да келеді.

«Шынымды айтсам, 3-4 миллионға қалай спектакль қоюға болатынын елестете алмай отырмын. Бұл өндіріс сияқты. Мен өзім спектакльдердің сметаларын қарағанмын. Жетекші театрлар үшін 200 миллион теңге көп ақша емес», — деп атап өтті облыс әкімі.

Осы орайда әкім Нұр-Сұлтандағы бір театрдың 32 миллион теңгелік гастролі туралы ақпарат оқығанын жеткізді.

«Түркістандағы театр қалалық мәдениет бөлімінің есебінен қаржыландырылады. Тендерді де мемлекеттік орган өткізеді. Егер қандай да бір тәртіп бұзушылықтар болса, тиісті органдар тексерсін. Мен өзім ешқандай тәртіп бұзушылықтарды көріп отырған жоқпын», – дейді Шөкеев.