Азия чемпионаты: финалға алты қазақ боксшысы шықты

1207

Таиландтың Бангкок қаласында өтіп жатқан 22 жасқа дейінгілер арасындағы бокстан Азия чемпионатында Қазақстанның 11 боксшысы қарсыластарымен жартылай финалда қолғап түйістірді. Бұл кездесулерде 5 спортшымыз жеңіліп, қола медальды қанағат тұтты. Ал 6 былғары қолғап шебері финалға шықты.

Жартылай финалда Санжар Ташкенбай (48 кг), Нұрсұлтан Алтынбек (54 кг), Махмұд Сабырхан (57 кг), Талғат Сырымбетов (60 кг), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг), Абзал Серік (67 кг), Сабыржан Аққалықов (71 кг), Диас Молжігітов (75 кг), Ерасыл Жақыпбеков (80 кг), Ренат Бекзат (92 кг) пен Аманат Сабырғали (+92 кг) шаршы алаңға көтерілді. Осылардың бесеуі финалға шыға алмай қалды. Екі жекпе-жек даулы болды.

Қазақ боксшыларынан бірінші болып жекпе-жекке Қазақстан чемпионы Ерасыл Жақыпбеков шығып, бірінші минутта-ақ қарсыласын нокдаунға жіберген еді. Алайда төрешілер кездесуде жеңісті Өзбекстан боксшысы Жасурбек Юлдошевке берді. Осылайша Ерасыл Жақыпбеков жарысты аяқтап, қола медаль иеленді.

Сол секілді тағы бір қола медаль иегері Талғат Сырымбетовтың да жекпе-жегі даулы болды. 60 килоға дейінгі салмақта ол жартылай финалда таиландтық Пхутханет Родсукпен жұдырықтасып, бірінші раундта оны нокдаунға жіберген болатын. Бұл жерде де төрешілер ұпайы санымен тай боксшысы жеңді деп шешті. Сондай-ақ Мұхаммедсабыр Базарбайұлы 63,5 килоға дейінгі салмақта қола жүлдегер атанды. Төрешілер бұл жекпе-жекте де моңғолиялық Тулга Оюнбаатарға жеңісті сыйлады. Ұпай айырмасы да онша көп болмады. Есеп – 3:2.

Осы күні жартылай финалда Санжар Ташкенбай (48 кг), Нұрсұлтан Алтынбек (54 кг), Махмұд Сабырхан (57 кг), Абзал Серік (67 кг), Сабыржан Аққалықов (71 кг) пен Диас Молжігітов (75 кг) қарсыластарын ұтып, финалға жолдама алды. Енді Санжар Ташкенбай өзбекстандық Шодиержон Меликузиевпен,  Нұрсұлтан Алтынбек филлипиндік Флинт Джарамен, Махмұд Сабырхан алаң иесі Саравут Суктхетпен қолғап түйістірсе, Абзал Серік өзбекстандық Бехзод Хамидовпен алтын жүлде үшін айқасады. Ал Сабыржан Аққалықов тағы бір өзбек боксшысы Нұрислом Исмоиловпен күш сынасады.