ТҮРКІСТАНДА «ҚОШ КЕЛДІҢ, ӘЗ НАУРЫЗ!» МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРАСЫ ӨТТІ

584
Түркістан облысында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі 10 күн бойы игі істермен жалғасын тапты. Ал бүгін облыс орталығы – Түркістан қаласындағы «Керуен сарай» кешенінде «Қош келдің, әз Наурыз!» мерекесі атап өтілді. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды жұртшылықты Наурыз мерекесімен құттықтады.
– Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлыс оң болсын! Халқымыз үшін Наурыздың орны ерекше. Наурыз – жанға шуақ, жүрекке жылулық сыйлайтын мереке. Наурыз – жылдың басы ғана емес, жаңару мен жаңғырудың айқын белгісі. Наурызды Түркістанда қарсы алудың жөні бөлек. Себебі бұл тарихи шаһар – ұлтымыздың алтын бесігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыс тұрғындарымен кездесуде Түркістанға тарихи және рухани елорда мәртебесін беру мәселесін көтерді. Облыста осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толады.
Берекелі өңірдің бірлігі жарасқан, еңбекқор тұрғындары Наурыз мерекесін толайым табыстармен қарсы алып отыр. 2018 жылмен салыстырғанда жалпы өңірлік өнім көлемі 1,6 есеге артып, 3,0 трлн. теңгені құрады. Ауыл шаруашылығында бір триллионнан астам теңгенің өнімі өндіріліп, 1,9 есеге артты. Облыс құрылғалы бері инвестиция көлемі 2,3 есеге өсіп, 739,5 млрд. теңгені құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 350,9 млрд. теңгені құрап, 2018 жылмен салыстырғанда 2,5 есе артты. Мемлекет басшылығының қолдауымен Түркістан өңірін дамыту жұмыстары жалғасын табады. Біз Түркістан облысын өнеркәсібі дамыған, инвестицияға тартымды аймаққа айналдыру үшін бар күшімізді саламыз. Зауыттар мен кәсіпорындарды, жұмыс орындарын көбейту – мақсатымыз. Туризмді дамыту бағытында да жұмыстар атқарылады. Түркістан өңірінің ауыл шаруашылығын дамыту бағытында да арнайы тұжырымдама әзірленді. Алдағы уақытта тың бастамалар жүзеге асырылады. Ұлт жұмысында бәріміз сергек, белсенді, елге шынайы жанашыр болайық. Еңбекқор халықпен бірге өңірді дамыта аламыз деп сенемін, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан төріндегі айрықша мерекеде концерттік бағдарлама ұсынылды. Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филормония әртістері әннен шашу шашса, «Art-east» би ансамблі,
Р. Сейтметов атындағы театр актерлері
«Тіршілік бастауы – Наурыз»
театрландырылған музыкалық- хореографиялық қойылымын ұсынды.
«Яссы», «Фараб» би топтары да көрерменді сергітті.
Мерекеде Наурыз, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүр, отаншылдық дәріптелетін әндер шырқалды. Облысқа және республикаға танымал әншілер өнер көрсетті. Киіз үйлер тігіліп, қонақтарға есігін айқара ашты.
Күндізгі сағат 11.00-де салтанатты түрде бастау алған мерекелік шара кешке дейін жалғасын табады. Атап айтсақ, концерттік бағдарламалар мен театрландырылған көріністер, ұлттық спорттық ойындарынан, соның ішінде қазақ күресі, қол күрес, арқан тарту, тоғызқұмалақ, қой көтеру сынды сайыстар өтуде. «Тұсаукесер» қойылымы мен қымыз ішу сайысы, «Этноауылға саяхат» және қолөнер шеберлері мен суретшілерінің, ұлттық тағамдардың көрмесі әзірленген.
Наурыз мерекесі кешке эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік гала-концертпен жалғасады.
Күн мен түннің теңелетін шағында Жер-Ана оянып, тіршілік жанданатын кезде қазақ халқы Ұлыстың ұлы күнін бір ай тойлаған. Сондықтан бұл мейрамның орны бөлек. Күллі түркі елінің киелі ордасы саналған Түркістанда биыл Наурыз мерекесі 10 күн бойы атап өтілуде. 11 наурыздан бастап түрлі атаумен мән-мағыналы іс-шаралар ұйымдастырылып, бүгінде жалғасын тауып келеді. Күнделікті облыстың әр бұрышында салт-дәстүрді кеңінен насихаттауға, татулықты нығайтуға бағытталған іс-шаралар өтіп жатыр.
 Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі