Тұрақтылық пен тұрақсыздық арасы – бір қадам!

394

Әлем тұрақсызданып барады.

Әлем архитектурасы өзгеріп, жылдар бойына өзара компромиске келіп, дүниежүзілік деңгейде ең басты шешімдерді қабылдап келген ықпалды орталықтар ыдырауда. Олардың орнына мүлдем жаңа ойыншылар келуде. Ескі алпауыттар күні кеше өздерінің көлеңкесінде жүріп, бүгін әлемдік саясаттың төрінен дәмелі елдер мен одақтармен санасуға мәжбүр.

«Демократия ғана ел тұрақтылығының бірден-бір кепілі!» деген қағидат та ескіре бастаған ба, қалай?

Мәселен, революция арқылы тар жол тайғақ кешіп, қаншама адамды құрбандыққа шалып, билік тармақтарының тепе-теңдігін қамтамасыз еткен Грузияда президент пен жаңа сайланған парламент (үкімет) арасындағы тақталас жұртты көшелер мен алаңдарға шығарды. Олар алған бетінен қайтар түрі жоқ. Қаншама адам зардап шегіп жатыр. «Еуропаға қарай бару, бармау» дилеммасы тұтас бір ұлтты қақ жарды.

Міне, осы күнге дейін Азияда демократиялық әрі экономикалық дамудың классикалық үлгісі боп келген Оңтүстік Кореяда әділ сайлауда жеңіске жеткен президент дәл солай, әділ сайланған парламентпен келіспей, әскери жағдай жариялап, дүниені дүр сілкіндіріп әрі шошындырып тастады!

Басқасын айтпағанда, әлемдік саясатта өз орнын ойып алған, мүйізі қарағайдай, өз валютасына күллі әлемді телміртіп қойған АҚШ-та ертеңгі күні не айтып, не қоярын ешкім білмейтін, «шаш алудың орнына бас алуға» әуес, көп мәселені радикалды түрде шешуге үйренген Трамп билік басына келді. Өткен каденциясында ол қалыптасып қалған әлемдік саясатқа біраз түзету енгізіп еді.

Украинаға қарсы соғыс ашқан солтүстік көршіміз де батыс санкцияларынан әбден зорығып (бірақ онысын білдіргісі келмейді-ақ!), сыртқы саясаттағы өктемдігін күшейте түскендей: құдды бір жаралы аю секілді айналасына «токсичный» боп барады. Білуімше, сол елдің басты саяси күштері – Кремль маңындағы ат төбеліндей олигархтар өз қожайынына қарсы, өздерін күннен күнге кедейлендіріп бара жатқан соғысты тоқтатуға ол топ әбден мүдделі.

Айналамыздың сиқы осы. Мұның бәрін сыртқы қауіп делік. Және де олар әртүрлі деңгейде әлемдік саясаттың брі бөлігі боп саналатын Қазақстанға да өз әсерін тигізері хақ.

Өз ішіміз де оңып тұрғаны шамалы.

«Қатырып жатырмыз!» деген үкімет жоқ. Күннен-күнге құлдырап бара жатқан теңгеміздің түрі аянышты. Баға мен тарифтер ұстатпай, шарықтап бара жатыр. Жалақы мен зейнетақы оларға ілесе алмайды. Бюджетті толықтыру ісі мүлдем сын көтермейді. Болашаққа арналған Ұлттық қорды тауысатындай болдық.

Тоқаевтың тұсында билігі пен байлығынан айрылған «ескіқазақстандықтардың» да бір саусағы бүгулі екені айтпаса да түсінікті. Әртүрлі БАҚ- та мерзімінен тыс сайлау болуы мүмкін» деген екіұшты ақпарат таратылуда. «Жоқ, олай емес! Бәрі өз кезінде өтеді», — деп жатқан ресми органдар мен ақпарат жоқ. Осындайда қарапайым ел не ойлайды? Қаржылық паникаға саяси паника қосылмай ма?!

Әрине, қанды Қаңтардан кейін Қазақстандағы тұрақтылық туралы сөз қозғаудың өзі ыңғайсыз.

Десек те, айтуымыз керек!

Сырттағы тұрақсыздық ел ішіндегі тұрақсыздықты одан сайын өршітпеудің жолдарын осы бастан іздеуіміз керек сияқты.

Иә, президент Тоқаев «еститін мемлекет», «әралуан пікір – біртұтас ұлт», «күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет» деген әбден орынды қағидаттар ұсынды. Онысын жұрт қолдады.

Алайда, осы талаптар іс жүзінде жүзеге асып жатыр ма?!

«Еститін мемлекет» дейді, алайда жергілікті және орталық билікке қатысты ащы сын мемлекет басшысына толық көлемде жетіп жатыр ма?

«Әрлуан пікір – біртұтас ұлт» дейді, алайда бюджеттен, яғни әрбір салық төлеушінің қалтасынан, қаржыландыратын мемлекеттік БАҚ-та билік тармақтарына қатысты балама пікір мен сын айтып жүргендер көптеп көріне ме?

«Күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет» дейді, алайда президенттің барлық тапсырмасы мүлтіксіз орындалып жатыр ма, парламент шынымен де үкіметті жерден алып, жерге сала ала ма, үкімет шынайы әрі елдің көңілінен шығатындай есеп беріп жатыр ма?

Билік те бейқам отырмаған шығар. Өзі ішінде осы және басқа да өзекті тақырыптарда талқылап жатқан болар. Алайда расында да «еститін мемлекет» болса, мемлекет өз ішіндегі құрылымдарды ғана емес, алуанпікірлі қоғамның да сөзіне құлақ асуы шарт.

Сол себепті билік алдағы жолы қоғамдық-саяси тақырыпты талқылағанда дәл осы – сыртқы және ішкі тұрақтылық (немес тұрақсыздық) мәселесін ашық, қоғамның қатысуымен талқылауы тиіс. Плюралистік қоғамның қатысуы міндетті, өйткені тек қоғам ғана мемлекеттің, елдің, ұлттың тұрақтылығының бірден-бір кепілі бола алады!

Әміржан Қосан

Abai.kz