САПА МЕН МЕРЗІМ – БАСТЫ НАЗАРДА: ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ЖҰМЫСЫ ЖАЛҒАСУДА

178

Шымкент қаласындағы білім беру нысандарында жүргізіліп жатқан құрылыс және жөндеу жұмыстарына партиялық бақылау жалғасуда. «AMANAT» партиясының Партиялық бақылау комиссиясы партияның сайлауалды бағдарламасы аясында білім мекемелеріндегі құрылыс жобаларының жүзеге асырылуын қадағалауды жалғастыруда. Осы мақсатта құрылған жұмысшы топ бірнеше білім беру мекемелерін аралап, олардың жаңа оқу жылына дайындығын тексерді.

Бақылау жұмысы №19 Ө.Жәнібеков атындағы мектептің құрылысынан басталды. 2023 жылдың қаңтар айында басталған жаңа ғимараттың құрылысы үшін белгіленген мерзім желтоқсанға белгіленгенімен, тексеру барысында нысандағы жұмыс қарқынының төмен екені байқалды. Бұл жағдай құрылыс жұмыстарының жоспарланған уақытта аяқталуына күмән туғызуда. Комиссия мүшелері мердігер компанияға құрылыс жұмыстарын жеделдету қажеттігін ескертті. Сонымен қатар, құрылыс басқармасы өкілдері мердігерге екі рет айыппұл салынғанын мәлімдеді. Жұмысшы топ бұл мәселені арнайы бақылауға алып, құрылыс қарқынын арттыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтынын атап өтті.

Келесі тексерілген нысан – №97 «Ақмарал» балабақшасы болды. Бұл ғимаратта да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жаңа оқу жылына дейін 290 орынға лайықталған балабақша пайдалануға берілмек. Құрылысшылар барлық жұмыстарды белгіленген уақытта аяқтауды жоспарлап отыр. Комиссия мүшелері нысандағы жұмыстардың сапасын тексеріп, жөндеу жұмыстарының қарқынын оң бағалады. Алайда, олар құрылыс сапасының сақталуының маңызды екенін ескертіп, бұл мәселені бақылауда ұстауға шақырды.

«AMANAT» партиясы білім беру нысандарының құрылыс және жөндеу жұмыстарының сапасын үнемі бақылап, халыққа берген уәделердің орындалуын қамтамасыз ету үшін жұмыстарын жалғастырады. Тек құрылыс сапасы мен уақытында аяқталуы ғана емес, сондай-ақ, жаңа ғимараттар мен мектептердің оқушылар үшін қауіпсіз әрі ыңғайлы болуын қамтамасыз ету басты назарда. Партияның бақылау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасып, білім беру саласындағы жетістіктер мен кемшіліктер тұрақты түрде тексеріледі.