«AMANAT» ПАРТИЯСЫ: ӘЛЕУМЕТТІК АЗ ҚАМТЫЛҒАН ОТБАСЫЛАРҒА КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ

8

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде мәслихат депутаты, фракция мүшесі Бөкейхан Әбішев «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдады. Қабылдау барысында тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстары тыңдалып, бірқатар әлеуметтік мәселелер бойынша көмек көрсетілді. Бұл іс-шараның мақсаты – қоғамдық көмек көрсету, адамдардың өзекті проблемаларын шешуге көмектесу, сондай-ақ, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту болып табылады.

Келушілердің басым бөлігі – көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылар. Олар жаңа оқу жылы қарсаңында балаларын мектепке дайындауда қиындыққа тап болғанын жеткізді. Қаржылық қиындықтар мен мектепке қажетті құрал-жабдықтардың тапшылығы олардың басты мәселесіне айналған. Депутат олардың жағдайын мұқият тыңдап, «Балаларды мектепке дайындайық» партиялық жобасы аясында жеке қаражаты есебінен мектеп жасындағы балаларға оқу құралдары мен қажетті жабдықтар алып беруге көмектесті. Бұл көмек тек білім алуға деген мүмкіндік емес, сонымен қатар балалардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында жасалған нақты қадам болды.

Қабылдау кезінде қала тұрғыны – зейнеткер, марқұм болған інісінің қызы балалар үйіне өткізіліп кеткенін айтып, оны өз қамқорлығына алуға жәрдем сұрады. Мәселенің Түркістан облысына қатысты екенін ескерген депутат, облыстық білім басқармасымен байланысып, өтініш иесін қабылдауға жазылуына ықпал етті және істің толық бақылауда болатынын түсіндірді. Бұл жағдай депутаттың құқықтық көмек көрсету мен азаматтардың мүддесін қорғаудағы белсенділігі мен кәсіби біліктілігін көрсетеді.

Қабылдауға келген азаматтардың барлығы қажетті деңгейде көмек алып, ризашылықтарын білдірді. Тұрғындар бұл қызметтің өздеріне үлкен көмек көрсеткенін атап өтіп, партияның жұмысын жоғары бағалады. «AMANAT» партиясы осындай әлеуметтік бағыттағы іс-шараларды алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғастырмақ. Партияның бұл бастамалары қоғамдық игілікке қызмет етуге, халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсартуға бағытталған әрі болашақта да өз жалғасын табатыны сөзсіз.