ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУДА ҚАЛАНЫҢ КӨЛІК ПЕН ЖОЛ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

65

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдады. Қабылдау барысында қала тұрғындарының өтініштері мен шағымдары тыңдалып, әртүрлі бағыттар бойынша тиісті түсініктемелер мен шешімдер ұсынылды.

Келушілердің басым бөлігі қоғамдық көліктің қозғалыс жиілігі мен жаңа бағыттардың қосылуы мәселесін көтерді. Олардың айтуынша, қазіргі уақытта кейбір аудандарда қоғамдық көлік қызметі жеткілікті деңгейде емес, сондықтан жаңа бағыттардың қосылуы мен қызмет көрсету жиілігін арттыру өте маңызды. Сонымен қатар, тозығы жеткен жолдар мен көлік қозғалысының қиындықтары да сөз болды. Тұрғындар жолдардың сапасы мен жөндеу жұмыстарының жылдамдығын арттыру қажеттігін мәлімдеді.

Басқарма басшысы Ролан Ибрагимов әрбір тұрғынның өтінішін мұқият тыңдап, оларды заң аясында талқылап, нақты жауаптар берді. Барлық көтерілген мәселелер арнайы хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынды. Сонымен қатар, басқарма басшысы жақын арада аталған мәселелерді шешу үшін қажетті шаралар қабылданатынын айтты. Оның сөзінше, қоғамдық көлік жүйесін жетілдіру мен жолдардың жағдайын жақсарту қаладағы көлік инфрақұрылымын дамытуға зор ықпал етеді.

«AMANAT» партиясы өз тарапынан осындай қоғамдық қабылдаулар арқылы тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуге ықпал етуді әрі қарай да жалғастыра береді. Партия қала тұрғындарының ыңғайы мен қажеттіліктеріне көңіл бөліп, оларды толықтай қолдауға дайын.

Әрбір көтерілген мәселе партияның бақылауына алынып, шешім қабылдау үшін тиісті органдарға жіберілетін болады. «AMANAT» партиясы халықтың тұрмыс сапасын арттыру және қоғамдық қызметті жақсарту бағытындағы жұмыстарын үздіксіз жүргізіп, өз азаматтарының мүддесін қорғауды басты міндеті ретінде қарастырады.