Түркістан облысында көпбалалы аналар тегін медициналық көмек алып жатыр

1058
Түркістан облысындағы емханаларда көпбалалы аналар тегін медициналық көмек алуда. Көктем мерекесі қарсаңында Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының бастамасымен өңірдегі барлық емдеу мекемелерінде «Ашық есік» күні өтіп жатыр,  деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дәрігерлер осылайша көпбалалы аналарды медициналық тексеруден өтіп, саналуан медициналық сараптамалар жасауға шақырады. Кез келген аурудың алдын алу үшін скрининг жасату керектігін ескертеді. Осы мақсатта ұйымдастырылған «Ашық есік» күні Сарыағаш, Арыс аудандық орталық ауруханаларының емхана бөлімінде өтті.
Бұл шара бүгін Түркістан қалалық емханасында жалғасын тапты. Емдеу орталықтарында жоспарланған ана мен бала денсаулығын жақсарту және медициналық қызметке қолжетімділікті арттыру шаралары жүйелі түрде қолға алынып отыр. Ал, медициналық және әлеуметтік психологиялық көмекті жалпы тәжірибелі дәрігер, гинеколог, психолог, невропатолог, педиатр, хирург, травматолог-ортопед мамандар көрсетеді. Диагностикалық іс-шаралар нәтижесінде толық тексеруден кейін аналар тиісті ем-домын алып, оларға сауықтыру жұмыстары жасалады. Бастысы, маман бақылауына алынады.
Сондай-ақ, Түркістан облысының барлық аудандық емханаларында көпбалалы аналар дәрігер қабылдауына кезектен тыс қабылданып, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі негізінде дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етіледі. Әрбір аудандық ауруханадан оларға 10 арнайы палата ашылып, жұмыс істей бастады.