Кәсіпке бейім шенділер

920

Кейде мемлекеттік қызмет атқару мен коммерциялық құрылымға барып бизнес жүргізу егіз ұғымдай көрініп жатады. Екеуінде бір бағдар – мансап, қалғаны өз артықшылықтары мен кемшіліктерінің еншісінде. Ұқсас деп айтарға дәлел де бар. Біздегі шенеуніктердің дені – бұрынғы кәсіпкерлер. Сол сияқты кәсіпкердің кейбірі – бұрынғы мемлекеттік қызметші. Ал мемлекеттік қызметшінің бизнеспен айналысуға құқығы бар ма?

Жұбайы арқылы
бизнес жүргізген

Жуырда Атырау облысында 184 мем­лекеттік қызметшінің жұбайы арқылы кәсіп ашқаны анықталған. Олардың ішінде Қазы­нашылық департаментінің 20, Орман шаруашы­лығы және жануарлар дүниесі инспекциясының 19, Атырау қалалық әкімдігі аппаратының 17, Құрманғазы аудан­дық әкімдігінің 17, Қызылқоға аудандық әкімдігінің 15 қызметкері бар. Бірақ өңірдегі Мемлекеттік қызмет істері департаментінің маман­дары Әдеп жөніндегі кеңес отыры­­сында мұның қылмысқа жатпайтынын айтыпты. Себебі Мем­­лекеттік қызмет істері басқармасының бас­­тығы Салауат Мукси­­мовтің сөзіне сенсек, мемле­­кеттік қызмет­керлердің жақын туыстары заңды түрде кәсіпкерлікпен айналысуға құқы­лы екен. Алайда бұл күмәнді сейілтпесі анық. Мәсе­­­­­лен, лауазымды қызмет иесі жақыны­ның кәсібіне болысары сөзсіз. Сол мақсатта басқа өзге кәсіп иесінің мүддесіне қол сұғуы мүмкін. Салауат Муксимов болса, мұны ше­шу­дің жолы шенділерді бақылауға алу екенін жеткізіпті.

– Мемлекеттік қызметкерлердің жұбай­­ла­рының бизнесі бар екенін жүргізіл­ген талдау көрсетті. Біз әріптестері­мізден, мем­лекеттік орган­дардың бас­шы­ларынан болашақта мемле­кеттік сатып алуды немесе басқа да конкурстық ресімдерді жүзеге асыру кезінде, ауыл шаруа­шылығын субсидиялауда мүдде­лер қайшылығын болдырмау үшін бақылауда ұстауды сұраймыз, – дейді.

Қысқасы, әзірге бар амал – бақылау ғана. Бір жақсысы, биылдан бастап мемлекеттік қызмет­шілердің кәсіпке байланысты дерек­тері жыл сайын тексеріліп отырмақ. Ал енді заң аясына ойыссақ.

Шенеуніктің
бизнесі болмауы тиіс 

Әуелі мынаны ескерсек – шенеуніктің кәсібі болмауы тиіс дегенімізбен, елімізде бизнестен саясатқа көшкен атқамінерлер көп. Мысалы, жыл басында 5 жылға сот­­талған Су ресурстары комите­тінің бұрын­ғы төрағасы Ислам Әбішев саяси мансабын бастамас бұрын бірнеше бизнестің басын шалған екен. Ал Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов әкімдік қабырға­­­сындағы ман­сабына дейін құрылыс компа­­­­нияларына басшы­лық еткен. 2016 жылы шетелдік басылым­­дарда «Қазақ­стан, Ресей және дағдарысқа қарсы басқару ісіндегі мүлде екі бөлек тәсіл» атты мақала жарық көрген. Сол мақалада экономикалық сарап­шы Владислав Иноземцев «Қазақ­стандағы атқа­мінер­лердің көбі саяси сахнадағы рөлі мен кәсібін қоса алып жүреді» деп баға беріпті. Яғни, біздің шенділердің басым бөлігі екі саланың да қазанында қайнағандай көрінеді.

Қазақстан Республикасының «Мем­лекеттік қызметі туралы» заңының 13-ба­­бында «жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдарға, мемлекеттік функция­­­ларды орындауға уәкілет бе­­­рілген адамдарға және оларға теңестірілген аза­­­маттарға педагогтік, ғылыми және өзге де шы­­­­ғар­машылық қызметен өзге, ақы төленетін бас­қа да істермен, коммерциялық ұйымдарға бас­­­­шылық қыз­метімен айналысуға тыйым салынады» делін­ген. Оның ішіне жеке кәсіп­пен айналысу да кіреді. Яғни, Президенттен бастап жергілікті өзін-өзі басқарудың сайланбалы органдарына үмітті канди­­­даттардың кәсіп ашуға құқығы жоқ. Тек шығар­­­машылықпен айналысып, ғылым қазбалап, пе­­дагог болам десе ешкім тұсау салмайды. Дегенмен кейде қарасы көрінер шығармашылығы бар шенеу­­­ніктерді көргенімізбен, атағы жер жарған ғылыми дәрежесі болғанымен, жаңалық ашқан атқамінерді байқа­мадық. Айт­­пақшы, кәсіпке тыйым салған жоғары­дағы бап әу баста жемқор­­­лықтың алдын алу үшін қабыл­­данғанға ұқсайды. Бірақ осы баптың 1-тар­мағында аталған адамдар өздеріне тиесілі тұрғын үйді немесе мүлікті жалға беруге және одан пайда табуға бола­тыны айтылған.

Біз қозғаған мәселе жыл басында да сөз болды. Көбіне аймақтардағы әкімдік пен мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері өздерінің жалақысы аз болғанына шағым­данады екен. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Марат Дәуешовке Мәжіліс депутаттары осы мәселе бойынша сұрау салған. Өңірлердегі жалақысы аз мемлекеттік қызметшілерге қосымша кәсіп­пен айналысуға рұқсат беру жайын тілге тиек­ еткен. Бірақ Марат Дауе­шов жауабын кесіп айтты – «мемлекеттік қызметшілер тек халықтың әл-ауқа­тын ойлауы тиіс. Басқа проблемаға бас қатыр­мауы қажет, одан да қызметтік міндетінің маңызы зор». Иә, бұл пікірді біз де қостар едік.

Бұдан бөлек, «Атамекен» Ұлттық кәсіп­керлер палатасының деректері біраз жайттың бетін аша­тындай. Жыл сайын кәсібіне кедергі келтіретін шенеуніктер барын айтып, шағымын жеткізетін бизнесмендер көбей­ген. Мысалы, әр өңірден жыл сайын кемі 200 шағым түседі екен. Мұның өзі атқамінер­лердің тікелей болмаса да, жанама түрде белгілі бір бизнеске қатысы барын аңғарта­тындай.

Қорыта айтсақ, шенділердің жұбайы мен жақындарына кәсіп ашуға рұқсат беріл­генімен, мұның көлеңкелі жағы еске­ріл­мей қалатын секілді. Себебі тек бақы­лаумен шендінің іс-әрекетін толық біле алмайтыны хақ. Ал ол азамат жақындарының мүддесі үшін қаншама өзге кәсіпкердің аяғына тұсау салмағанына кепілдік бере аламыз ба?

Мадияр ТӨЛЕУ