«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде қалалық мәслихат депутаты, партия фракциясының мүшесі Алина Дубинина «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Бұл қабылдаудың басты мақсаты – азаматтардың күнделікті өмірінде кездесетін қиындықтарды назардан тыс қалдырмай, оларды шешуге нақты көмек көрсету.
Кездесу барысында азаматтар негізінен денсаулық сақтау саласындағы проблемаларды және әлеуметтік қолдау мәселелерін көтерді. Депутат әрбір өтінішті мұқият тыңдап, нақты түсініктемелер берді.
Әсіресе, кейбір азаматтар зейнеткерлік жастағы туыстарының ем алуына байланысты қиындықтарды, дәрі-дәрмек тапшылығын және кезек мәселесін тілге тиек етті. Сондай-ақ жалғызбасты аналар мен мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар да әлеуметтік қолдауға зәру екенін жеткізді.
Қабылдау қорытындысында бірқатар өтініштер сол сәтте шешімін тапты. Ал күрделі мәселелер хаттамаға енгізіліп, тиісті органдардың қарауына жіберілді және тұрақты бақылауға алынды.
Тұрғындардың айтқан өтініштері бойынша нақты жауапты мекемелерге жолданатын сұраныстар әзірленіп, тиісті жұмыс тобы құрылды.
Партия өкілдерінің айтуынша, мұндай қабылдаулар алдағы уақытта да жүйелі түрде өткізіліп, азаматтардың мәселелерін шешуге бағытталатын болады.
Бұл – партияның халықпен тығыз байланыс орнатуға, ашық әрі есепті жұмыс жүргізуге деген ұмтылысын көрсетеді.
Айта кету керек, «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелері ел тұрғындарының нақты мәселелерін шешуге арналған тиімді алаң болып отыр. Ашық форматтағы осындай кездесулер тұрғындардың билікке деген сенімін арттырып, жергілікті басқару органдарымен байланысын нығайтады. Қоғамдық қабылдау арқылы азаматтар тек өз өтініштерін жеткізіп қана қоймай, сонымен бірге мемлекеттік қолдау тетіктері мен заңнамалық мүмкіндіктер туралы толыққанды ақпарат ала алады.