АНА ТІЛІ – ХАЛЫҚ РУХЫНЫҢ АЙНАСЫ

25

Бүгін 5 қыркүйек – қазақ тіл білімінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай аталып өтетін Қазақстан халқы тілдері күні. Осы орайда, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай Пушкин кітапханасының ұлттық әдебиеттер бөлімінде Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Славян» этномәдени бірлестігімен бірлесіп, «Ана тілі – халық рухының айнасы» атты тағылымды кеш ұйымдастырды.

Бұл кеш – тек өнер мерекесі ғана емес, елдегі түрлі этностардың достығы мен ынтымағының айқын көрінісі болды.

Іс-шарада №17 М. Лермонтов атындағы мектеп оқушылары қазақ, орыс, украин, өзбек, корей және қырғыз тілдерінде әдеби композиция орындап, тіл байлығы мен әсемдігін паш етсе, №27 «Мартөбе» мектебінің оқушылары Түркістан облысындағы әзербайжан этномәдени бірлестігі «Гарабах» атынан қазақ биін орындады, «Славян» этномәдени бірлестігінің «Светоч» хоры орыс, беларусь, украин, словак және поляк тілдерінде ән шырқады.

Ал, Разия Гареева халық жүрегіне жақын «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін орындаса, Шымкент қаласы «Кәрістер» қауымдастығы ұлттық барабандарымен әсем ырғақ сыйлады, «Барбанг» күрділер қауымдастығы көпшілікті ұлттық «Гованд» биімен қуантты.

Сонымен қатар, кеш барысында түрлі этнос өкілдері тек өнер арқылы емес, бір-бірімен тілдесіп, өз мәдениеттері мен дәстүрлерін таныстыра отырып, өзара түсіністік пен құрметті арттырды. Мұндай іс-шаралар ұлттар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ қоғамдастықтың әртүрлілігін құндылық ретінде қабылдауға ықпал етеді. Әсіресе, жастардың қатысуы болашақ ұрпақ үшін маңызды болды, себебі олар осы дәстүрлер мен мәдениеттердің сақталуына жауапкершілік танытады.

Тілдер күніне арналған бұл мереке қоғамдағы бірлікті нығайтуға, ұлттық мәдениет пен тілдің маңыздылығын арттыруға бағытталған үлкен қадам болды. Шараның нәтижесінде қатысушылар өздерінің тілдеріне, мәдениеттеріне деген құрметін арттырып, мәдениетаралық диалогты дамытуға деген ұмтылыс көрсетті. Ұлттық бірлік пен татулықты сақтай отырып, әрбір этнос өз ерекшелігін көрсете білді.