Шымкентте аудандық полиция басқармасының бастығы ұсталды

20

28 желтоқсанда Шымкентте Әл-Фараби ауданы полиция басқармасының бастығы Батыр Мырзакелдиев ұсталды, деп хабарлайды Orda.kz. 

Батыр Мырзакелдиевтің адвокаттары Талғат Есімов пен Виктор Кривоносовтың мәліметінше, полиция басқармасының бастығы өз кінәсін мойындамайтынын және болып жатқан жағдайдың арандату екенін айтқан.

 

Олар «болып жатқан жағдай» деп Мирзакелдиевтің қамауға алынғаны туралы ақпараттың құқық қорғау органдары тарапынан ресми расталмай тұрып, бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануын меңзеп отыр.

«Батыр Мырзакелдиев өз кінәсін мойындамайды. Біз мұны өзге тұлғалардың арандатушылық әрекеттері деп санаймыз. Бұл Шымкенттің басқа аудандық полиция басқармаларында қаралып жатқан қылмыстық істер бойынша жауапкершіліктен жалтару мақсатында жасалып отыр. Бұл жерде пара алу фактісі мүлде жоқ» деп жазды адвокат өзінің Facebook парақшасында.

Қазіргі таңда Мырзакелдиевтің ісі қандай процессуалдық мәртебеге ие екені белгісіз. Қандай тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқаны да әзірге нақтыланбаған.

Айта кетейік, Атырауда егде жастағы үш адам газдан уланып көз жұмды.