2025 жылдың төртінші тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстандағы орташа жалақы 473 158 теңгені құрады. Бір жыл ішінде жалақы 8,8%-ға өскен. Алайда бұл көрсеткіш халықтың нақты табысын толық көрсете бермейді, деп хабарлайды Orda.kz.
Неғұрлым шынайы көрсеткіш — медианалық жалақы, ол — 339 912 теңге. Бұл дегеніміз, қазақстандықтардың жартысы осыдан аз табыс табады. Орташа және медианалық жалақы арасындағы айырмашылық — 133 мың теңге. Орташа жалақыны кейбір салалардағы жоғары табыстар көтеріп отыр.
Ең жоғары жалақы қаржы саласында — шамамен 987 мың теңге. Екінші орында IT және байланыс саласы — 883 мың теңге. Өнеркәсіпте 691 мың теңге, көлік саласында — 641 мың теңге, ал құрылыс саласында — 566 мың теңге төленеді.
Әлеуметтік салада жағдай өзгеше. Мұғалімдер орта есеппен 329 мың теңге, дәрігерлер 353 мың теңге алады. Бұл қаржы саласымен салыстырғанда шамамен үш есе аз.
Жыл ішінде ең үлкен өсім ауыл шаруашылығында байқалды. Жалақы 25,9%-ға өсіп, 374 мың теңгеге жеткен. Бірақ соған қарамастан, ауыл шаруашылығы әлі де өнеркәсіп пен IT салаларынан артта қалып отыр.















