ТҮРКІСТАНДА САММИТ ҚАРСАҢЫНДА АСЫЛ ТҰҚЫМДЫ ИТТЕР КӨРМЕСІ ӨТТІ

10

Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті аясында «Жеті қазынаның бірі – ит» тақырыбында асыл тұқымды иттердің көрмесі ұйымдастырылды. Іс-шарада түркі мемлекеттеріне тән және Қазақстан аумағында таралған ит тұқымдары таныстырылды. Көрмені ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева арнайы тамашалады.

Көрмеде әзірбайжандық гурдбасар, анадолылық ақбаш, қырғыз тазысы тайған секілді көпшілік біле бермейтін ит түрлерімен қатар, Түркімен алабайы, Өзбекстанның бөрібасары, Орта Азия төбеті мен қазақтың тазысы көпшілік назарына ұсынылды. Бұл ит тұқымдарының әрқайсысы көшпелі салтымен тығыз байланысты. Бірі – мал мен қонысты қорғауға, бірі – аңшылыққа, бірі – тау мен дала жағдайына бейімделген.

Мұндай көрмелер түркі халықтарының ортақ мәдени мұрасын дәріптеп, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, асыл тұқымды иттердің ерекшеліктерін таныстыру арқылы олардың тарихи маңызы мен бүгінгі қоғамдағы орнын айқындауға жол ашады.

Шара барысында келушілер ит тұқымдарының шығу тарихы, күтімі мен қасиеттері туралы мағлұмат алып, кинология саласының мамандарымен пікір алмасты. Көрме түркі елдері арасындағы мәдени байланысты нығайтып қана қоймай, ұлттық тұқымдарды сақтау мен көбейту ісіне де ерекше назар аударды.