Қазақстан үкіметінің басшысы болып Әлихан Смайылов тағайындалды, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі. Бұған дейін Смайыловтың кандидатурасын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған болатын.
Әлихан Асханұлы Смайылов 1972 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 1994 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін «қолданбалы математика» мамандығы бойынша тәмамдаған. 1996 жылы — Қазақстан президенті жанындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжамдау институтының мемлекеттік басқару магистрі дәрежесіне ие болды. 1993–1999 жылдары — «А-Инвест» инвестициялық–жекешелендіру қорының бас маманы; бөлім басшысының орынбасары, ҚР Ұлттық статистика агенттігінің басқарма басшысы; ҚР Статистикалық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің Статистика және талдау комитеті төрағасының орынбасары; бас сарапшы, экономика секторының меңгерушісі, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болып қызмет атқарған. 1999–2003 жылдары — Статистика агенттігінің төрағасы. 2003–2006 жылдары — Сыртқы істер вице-министрі, «Экспорттық несиелер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру компаниясы» АҚ басқарма төрағасы. 2006–2009 жылдары — Қаржы вице-министрі, «ҚазАгро» ҰБХ президенті. 2009–2014 жылдары — Статистика агенттігінің төрағасы. 2014–2015 жылдары — Ұлттық экономика министрлігінің Статистика жөніндегі комитетінің төрағасы. 2015–2018 жылдары — Қазақстан президентінің көмекшісі. 2018 жылғы қыркүйектен бастап 2019 жылғы ақпанға дейін — Қаржы министрі. 2019 жылғы 25 ақпанда Президент жарлығымен премьер-министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі қызметіне тағайындалды. 2021 жылы 18 қаңтарда Қазақстан президентінің жарлығымен осы қызметке қайта тағайындалды.