Отырарда Визит орталығының құрылысы қарқынды жүруде

1151
Түркістан облысы, Отырар ауданында Визит орталығының құрылысы жүруде. Отырар қорық-музейінің базасында салынып жатқан орталық тарихи -мәдени мұра нысандарын қорғау мен олардың заманауи талаптарға сай сақталуын қамтамасыз етуге ықпал етпек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сала мамандарының сөзінше, Отырар визит-орталығын салудағы мақсат — коммуникация, мәдени ақпарат және шығармашылық инновациялар орталығын жасау болып отыр. Сондай-ақ, қорық-музейдің функцияларын мәдени-ағарту мен имидждік орталық деңгейіне дейін кеңейтіп, тарих ғылымы, археология, реставрация, өнертану, этнографиямен ұштастыруға жағдай жасалады.
Орталықтың ғимаратында  археологиялық қорық, тарихи-мәдени және туристік орталық құруға, сонымен қатар, музей-көрме жүйемен өзара байланыстағы орталықтандырылған қор-сақтағышты жасауға бағытталған. Ал, экспозиция залдары функционалдық бағдарламада әр уақытта болатын өзгерістер мен түзетулерді ескеріп жобаланған.
Екінші қабатта барлық залдар үшін қосалқы бөлме қарастырылып отыр. Залдардың жобалық және көркемдік шешімін орталық қызметкерлері нақты көрмелік экспозицияның тақырыптық құрылымына байланысты жасайтын болады.

Отырарда Визит орталығының құрылысы қарқынды жүруде

Бұдан өзге, реставрациялық жұмыстар мен көрмелік конструкцияларды жасау жұмыстары үшін цоколдық қабатта шеберханалар орналаспақ.
Барлық шеберханалар мамандырылған реставрациялық қондырғылармен жабдықталады деп жоспарлануда. Музейге жұмыс істеуге шақырылатын мамандар үшін көне Отырар жұртында қазба жүргізетін археологтар үшін 16 орындық жатақхана ғимараты бой көтереді.