ЕЛІМІЗДЕ БАЛА ТУУ КӨРСЕТКІШІ БОЙЫНША ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ КӨШ БАСТАДЫ

1931
Түркістан облысы табиғи өсім бойынша елімізде көш бастап тұр. Өткен жылы өңірдегі халық саны 3,5 мыңға артқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық статистика департаментінің басшысы Айдар Әбілдабековтың айтуынша, 2018 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша, Түркістан облысы халқының саны 1 977 768 адамды құрап отыр. Яғни, 2017 жылғы 1 желтоқсанмен салыстырғанда халық саны 3 354 адамға немесе 0,2% өскен.
«Облыста 2018 жылғы қаңтар-қарашада халықтың табиғи өсімі 40 815 адамды құрады және 2017 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 3%-ға (1 188 адамға) артты. Республика бойынша біздің облыс туу мен табиғи өсім көрсеткіштері бойынша алғашқы орында. Облыс туу бойынша республика деңгейінде алдыңғы қатарда көрінді, оның үлесі 13,6%-ды немесе 49 978 туылғандарды құрады. Аймақта 1000 қыз балаға 1062 ұл бала туылды, бұл жерде ұл балдардың көп туылу тенденциясы әлі де сақталуда», — деді Айдар Ахметбекұлы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Департамент басшысының айтуынша, өткен жылы  көші-қонмен тіркелген облысқа келген халықтың саны 92 678 адамды құраса, оның 40 189-ы Қазақстанның басқа облыстарынан келгендер.