2022 жылы қазақстандықтарды қандай маңызды оқиғалар күтіп тұр

1531

Барыс жылы әлем жұртшылығы көптеген маңызды оқиғаның куәсі болады. Оның арасында саяси, мәдени, спорттық іс-шаралар жетерлік

Әйтсе де, екі жылға жуық уақыт адамзатты әбігерге салған пандемия 2022 жылға арналған жоспардың күл-талқанын шығаруы мүмкін. Өйткені індет әлі саябырсыған жоқ. Оның үстіне әлем елдерінде жаңа «омикрон» штамы тарала бастады. Коронавирустың бұл түрі қазір төрткүл дүниені алаңдатып отыр. Десе де індетке қарамастан, келесі жылға біраз шара жоспарланып қойды. Солардың бірсыпырасымен Sputnik Қазақстан материалынан таныса аласыз.

Қысқы Олимпиада

2022 жылы өтетін маңызды тарихи оқиғалар шымылдығын қысқы Олимпиада ойындары ашады.

Жаһан жұрты асыға күтетін XXIV қысқы Олимпиада Қытайдың Бейжің қаласында өтеді. Спорттық іс-шара 4 мен 20 ақпан аралығына жоспарланған.

Олимпиадада қысқы спорттың жеті түрінен 109 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Атап айтқанда, спортшылар биатлон, бобслей, керлинг, конькимен сырғанау, шаңғы жарысы, шана спорты және хоккей сайыстарында бақ сынайды.

Олимпиада ойындары Бейжің орталығында, Яньцин және Чжанцзякоу аудандарында өтеді. Өкінішке қарай, COVID-19 пандемиясына байланысты Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсіміне көрермендер кіргізілмейді. Бірақ жанкүйерлер төрт жылда бір келетін дүбірлі доданы көгілдір экраннан тамашалай алады.

2022 жылы Бейжің Олимпиадасы қытайлардың басты ұлттық мерекесі – Қытай Жаңа жылымен тұспа-тұс келеді.

Айта кетері, 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындары Қазақстанда өтуі де мүмкін еді. 2013 жылы Халықаралық Олимпиада комитетіне бірінші болып Алматы қаласы өтінім берді. Артынша Қытай астанасы Бейжіңнен өтінім түсті. Осылайша спорттық сайысты өткізу құқығына екі қала таласты. Дауыс беру қорытындысы бойынша Бейжің жеңіске жетті. Алматыға небәрі 4 дауыс жетпей қалды.

Бейжің – жазғы және қысқы Олимпиада ойындарын қабылдайтын алғашқы қала.

Паралимпиада ойындары

Дәл сол Бейжіңде бір айдан кейін – 4-13 наурызда қысқы Паралимпиада өз жалауын желбіретеді.

Паралимпиада ойындары осымен он үшінші рет өткелі жатыр. Спортшылар спорттың алты түрінен 78 жарысқа қатысады.

Паралимпиада ойындары – мүгедектігі бар адамдарға арналған халықаралық сайыс. Дәстүр бойынша Олимпиада ойындарынан кейін өткізіледі.

Алғаш рет қысқы Паралимпиада ойындары 1976 жылы ұйымдастырылды.

Ғалымдар форумы

2022 жылы Қырғызстан астанасы – Бішкекте ТМД елдерінің ғалымдары бас қосады. Әзірге форумның нақты күні хабарланған жоқ.

Жиынға ТМД-ға қатысушы елдер ғылыми ұйымдарының басшылары мен беделді өкілдері қатысады. Олар достастық елдері арасындағы ынтымақтастық бағыттарын, жаңа бастамалар мен өзара іс-қимыл мәселелерін талқылайды.

Форумның мақсаты – ТМД елдерінің ғылыми-техникалық ынтымақтастығын дамыту, жаңа бірлескен ғылыми зерттеулерге серпін беру, жастар арасында ғылымды насихаттау.

Дүниежүзілік көшпенділер ойыны

Келесі жылы Түркияда төртінші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді деп жоспарлануда. Халықаралық дода 2020 жылы өтуге тиіс еді, алайда пандемияға байланысты екі рет шегерілді.

Дүниежүзілік көшпенділер ойыны – этникалық спорт түрлерінен өтетін халықаралық сайыс. Оның негізіне Орталық Азия көшпенді халықтарының ұлттық ойындары алынған. Мақсаты – өркениет мұрасы ретінде әлемде этномәдени және этноспортты дамыту, ұлттық ойындарды жаңғырту.