ШЫМКЕНТТЕ «ЖАС ПАТРИОТ – 2022» ӘСКЕРИ-ПАТРИОТТЫҚ ЖИЫНЫ ӨТУДЕ

1033
Бүгін Шымкент қаласында «Жас сарбаз» сыныптары арасында «Жас патриот – 2022» атты бірінші әскери-патриоттық жиын басталды. Екі күн бойы жалғасатын іс-шараны Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы қалалық білім басқармасының қолдауымен ұйымдастырып отыр.
–Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Өйткені, ол тек әскери тәртіпке ғана емес, білімге, достық пен адалдыққа және тапқырлыққа жетелейтіні мәлім. Ал, бүгінгі жиынның мақсаты – жастардың бойында Отанға деген сүйіспеншілік сезімін оятып, ел мен жер болашағына деген жауапкершілікті сезіндіру, – деді жиынның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мұратжан Шотанов.
Сонымен қатар ашылу салтанатында республикалық «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы Мейірбек Меңдіғалиев, Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, подполковник Ринат Мадияров және «Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Онбаев сөз сөйлеп, жиынға қатысушы жас сарбаздарға сәттілік тіледі. Ашылу салтанатынан кейін қатысушыларға арналған шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Айта кетейік, бұл жиынға Шымкент қаласындағы 25 орта мектептен 100-ге жуық оқушы қатысып жатыр. Оқушылар екі күн бойына кермеге тартылу, шалқалап жатып денені көтеру, пневматикалық винтовкамен ату, қорғаныс және әскери киімдерді жылдам кию, 100 метрге жүгіру және әскериленген эстафета бойынша бақ сынайды.
Айта кетейік, жақында Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рахымов атындағы Шымкент республикалық «Жас ұлан» мектебіне қабылдау жұмыстарын сапалы және жоғары деңгейде өткізу мақсатында «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу-басты міндет» тақырыбында кездесу өткен болатын.