ОТЫРАРДА «ӨТКЕННІҢ ҚАЗЫНАСЫ — БОЛАШАҚҚА» АТТЫ ТАНЫМДЫҚ КЕШ ӨТТІ

2782
Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің ұйымдастыруымен 18 мамыр-Халықаралық музейлер күніне орай
«Өткеннің қазынасы — болашаққа» атты шара өтті. Тарихи-танымды кештің мақсаты — Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы  Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын насихаттау, салт-дәстүрді дәріптеу.

Осы орайда Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі ұйымдастырған кешке қатысқан өнерпаздар музей алдында шағын концерттік бағдарлама қойып, этнокешенде театрландырылған көріністермен музей күнін насихаттады.
Жиынға қатысқан аудан әкімі Ерлан Айтаханов пен Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің директоры    Ерсін Тәжібаев музей сүйер қауымды төл мерекемен құттықтады.
«Отырар — өзінің көне тартпас тарихи құндылықтарымен бүкіл әлем ғалымдарының, ЮНЕСКО-ның назарын өзіне аударған, ұлттың рухани алтын қазығы. Елбасымыз айтқандай қазақ өркениетінің алтын діңгегі.
Сан ғасырлық мұралардың киелі ордасына айналған музей қызметкерлерін бүгінгі кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтай отырып, баршаңыздың дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, құт-береке тілеймін!» — деді аудан басшысы Ерлан Айтаханов.
-«Ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрімізді жаңғырту, музей жұмысын кеңінен насихаттауда бүгінгі шараның маңызы зор. Кешке қатысқан баршаңызға алғысымды білдіремін. Тарихымызды тануға ынтық болашақ жастар бұл дәстүрлерді де көздің қарашығындай сақтап, жандандыратынына сенім білдіремін»,-деді музей директоры Ерсін Тәжібаев.
Қонақтар музей жайлы видеороликпен танысып, саз балшықтан бұйымдар жасаудың шебері Жанұзақ Ерімбетов пен темірші ұста Оңалбек Орынбектің жұмыстары көрермендерді тәнті етті. Шара барысында қазақтың күнделікті тұрмыстық салт-дәстүрлері мен өмірі көрсетілді. Құрт қайнатып, бауырсақ пісіріп, бие сауған қыздардың ептілігі, қоржын үйдегі көріністер өткен ғасырдағы тыныс-тіршілігі жиынға қатысушыларға кеңінен насихатталды.
Шара соңында музей ұжымы арнайы ауызашар берді.