«Бір мәселеміз бар еді, оны да Мирзиеев шешіп берді»: Өзбекстандағы қазақтардың өмірі

1533
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтің арқасында қазақ жастары өзбек колледждерінде оқымайтын болды
58 жастағы Клара Садырбаева – көрші өзбек елінде туып-өскен этникалық қазақ. Саналы ғұмырын білім саласына арнаған ол қазір Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығы төрағасының білім саласындағы орынбасары, Навои облысында әйелдер бірлестігінің төрайымы, жастар ұйымының президенті. Sputnik Қазақстан тілшісі үш бірдей жауапты қызметті қатар алып жүрген қандасымызды әңгімеге тартып, Өзбекстандағы қазақтардың қазіргі өмірімен танысты. 
12 мың жас Қазақстанға оқуға түсті
Клара Садырбаева жұмыс бабымен атажұрты Қазақстанға жиі ат басын бұрады. Оған екі себеп бар: біріншіден, ағайын-туыс, жекжат-жұрағаттың бәрі осы елде тұрса, екіншіден, қандасымыз қос елдің білім саласындағы ынтымақтастығының нығаюына үлес қосып, игі істерге мұрындық болып жүрген қазақтардың бірі.
Айтуынша, былтыр Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен бірлесіп, Навои, Нүкіс, Самарқанд және Ташкент қалаларында білім көрмесін ұйымдастырған. Көрме өз нәтижесін беріп, бүгінгі таңда Өзбекстанда тұратын 12 мыңнан астам жас Қазақстанда білім алып жатыр.
«Жалпы 12 мың баланың 50 проценті – қазақтар, ал қалған жартысы – басқа ұлт өкілдері. 2018 жыл Қазақстанда Өзбекстан жылы болып жариялануына байланысты өзге ұлт өкілдері білім көрмесінің мүмкіндіктерін пайдаланып, оқуға түсті», — дейді Клара Садырбаева.
Қазақстанның біраз жоғары оқу орнын аралаған қандас университеттерде жастарға бар жағдай жасалған дейді.
«Өзбекстандағы жастардың көбі Алматыдағы М.Тынышбаев атындағы көлік және коммуникация академиясына қызығады. Сөйтсем, Өзбекстанда зауыттар көп, тиісінше техникалық мамандықтарға сұраныс бар. Ташкенттегі көлік институтына қарағанда, бұл жерде барлығы жан-жақты қарастырылған. Студенттерді жатақханамен қамтамасыз етті, бағасы да арзан, оның үстіне профессор-докторлардың контингенті бізбен салыстырғанда көптеу.  Академия ректоры өз атынан тұрмысы төмен, талантты жастарға 15 грант бөлді, 35 балаға жеңілдік жасады», — дейді ол.
Тіпті, Садырбаеваның айтуынша, Қазақстанға оқуға келген өзбектердің өзі болашақта осы жерде екі қолға бір күрек тауып, тұрақтап қалғысы келетін көрінеді.
«Білесіздер, былтыр шеттегі қазақтарды қолдау мақсатында Отандастар қоры ашылды. Биыл солармен және «Халықаралық бағдарламалар орталығы»АҚ-мен бірлесіп сәуір айында Өзбекстанның бірнеше қаласында білім көрмелерін өткізуді жоспарлап отырмыз. Оған облыс әкімдері, сыртқы істер министрлігі, Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі қолдау көрсетпек», — деді қазақ мәдени орталығы төрағасының орынбасары.
Мирзиеев қандастарымыздың қандай мәселесін шешті?
Клара Садырбаеваның сөзіне сүйенсек, көршілес өзбек елінде 371 қазақ мектебі бар. Соның 79-ы өзі тұратын Навои облысында орналасқан.
«Қазақ балалары 9 сыныпты бітіргеннен кейін міндетті түрде өзбек колледждеріне берілетін. Үш жыл өзбек колледжінде оқиды. Өзбек дипломын алып шыққандықтан, Қазақстанға оқуға түсе алмайды. Сол үш жыл ішінде қазақ тілін де аздап ұмытып, латын қарпіне үйрене алмай, балаларымыз гранттан құр қалатын еді», — деп сөзін жалғады ол.
Билік тізгіні Шавкат Мирзиеевтің қолына өткелі бері бұл түйткілдің де түйіні тарқаған.
«Бұл мәселемен бірінші президентке талай мәрте хат жолдап, көмек сұраған едік. Алайда, өкінішке қарай, шешімін таппады. Ал былтыр Қазақстанда Өзбекстан жылы болғанын пайдаланып, жаңа президенттің атына хат жаздық. Хатымызды Қазақстан елшілігі де қолдады. Президент тиісті заңға қол қойды, 2018 жылдан бастап қазақ балалары өзбек колледждеріне берілмейтін болды. Қазақ аттестатын қолдарына алады. Білім саласында бітпей жүрген бір жұмысымыз осы еді, ол да оң шешімін тапты», — деді ол.
Айтуынша, Мирзиеев президент болғаннан кейін мұғалімдердің жалақысын да көтерген. Ал зейнетке әйел мұғалімдер 54 жастан, ерлер 60 жастан шығады екен.
«Қазақ аудандарына қазақты басшы етті»
Қандасымыздың айтуынша, Өзбекстанның бірінші президенті марқұм Ислам Кәрімовтің тұсында қазақтарға басшылық орын бұйырған емес. Тек екінші орында, орынбасар қызметін атқаратын.
«Тіпті біздің облысымызда қазақ аудандарында бірде-бір қазақ әкімі болған жоқ. Мәселен, Қанимех ауданында халқының 70 пайызы – қазақ, 30 пайызы – басқа ұлт өкілдері. Ал бірақ әкім тәжік, он жыл бойы басқарды. Тек жаңа президент келгеннен кейін ғана қазақ аудандарына қазақ әкімдерді тағайындады. Бұл біздің үлкен жетістігіміз деп ойлаймын», — дейді Садырбаева.
Шавкат Мирзиеевтің жастарға жәрдемі көп тиіп жатыр дейді этникалық қазақ.
«Бұрын басшылық қызметке 50-60 жастағы азаматтар тағайындалатын еді. Ал қазір сенаторлардың құрамы да «жасарып барады». Сонымен қатар, жастарға кредит беріле бастады, кәсібін ашқысы келетіндерге жан-жақты қолдау көрсетіледі. Несиеге үй беріп жатыр. Жоғары оқу орнына түсу үшін қажетті балды төмендетті,» – деп әңгімесін жалғастырды ол.
Инвесторларға есік ашылып, бизнес қарқынды дамуға бет алған. 
«Шавкат Мирзиеев президент болып сайланғалы бері халық қуанып жатыр. Өзгерістер өте көп, ауқымды. Басшымыз ашық, оны базардан да, дүкеннен де, ауруханалардан да кезіктіруге болады. Халықпен өзі сөйлесіп, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдайды. Бұрын Өзбекстан Қазақстаннан бір елу жылға қалып кетті ғой деп ойлайтын едім. Ал бүгінде күн сайын емес, сағаттап өсіп, дамып жатыр», — дейді Садырбаева.
«Интернет нашар, сондықтан кітап оқимыз»
Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі жырақтағы ағайындарымызға оқулықтарды жеткізгенмен, әдеби кітап жетіспейді. Ал қазақтың ақын-жазушыларының кітаптарына сұраныс жоқ емес, бар.
«Отандастар қорының қолдауымен қазақ орталықтарын ашып жатсақ, әдеби кітаптар міндетті түрде жеткізіледі. Себебі сұраныс бар. Өзбекстанда интернет нашар істейтіндіктен, бос уақытыңда кітап оқисың. Ал Қазақстанға келсем, барлық жастың қолында телефон, тіпті сенімен сәлемдеспей, телефонға қарап отырады», — деп ренішін білдірді әйелдер бірлестігінің төрайымы.
Өзбекстандағы қандастар қазақ телеарналарын қарап, қазақ тілінде басылған газет-журналдарды оқиды. Айтпақшы, газетке жазылу бұл елде де бар.
«Газетке жазылу бізде міндетті. Мәселен, әр мекемеге осынша газетке жазылыңдар деп тапсырма береді. Өзіміз таңдап алып, жазыламыз. Біздің халық оқығанды жақсы көреді. Интернеттен оқығаннан гөрі, кітапты қолға ұстап отырып оқысақ, рақаттанып демалып қаламыз дейді. Жастарымыз Абайдың кітаптарын оқып жатады», — дейді Садырбаева.
«Әр қазақ әйелдің үйінде төрт-бес ұлттық киім бар»
Қазақтың салт-дәстүрін берік ұстанған қандастар ұлттық киімді тек Ұлыстың ұлы күні – Наурызда ғана емес, күнделікті киіп жүреміз дейді.

«Бір байқағаным, Қазақстанда ұлттық киімді кие қоймайды екен. Ал бізде әр қазақ әйелдің үйінде төрт-бес ұлттық киім бар. Оны біз цехта арнайы тіктіреміз. Ерлеріміз де, әйелдеріміз де үстінен тастамайды. Жұмысқа да солай барамыз. Жастар да солай. Әр ата-ана отбасында балаларына қазақтың қандай ұлт екенін, тілі мен салт-дәстүрін, мәдениетін айтып, түсіндіріп отырады», — дейді ол.

Сонымен қатар, Садырбаева әр қазақ отбасы баласын тек қазақ мектебіне беретінін, екі қазақ бір-бірімен кездессе, тек қазақша сөйлейтінін ерекше атап өтті. Ал аралас некені шеттегі ағайындарымыз мүлде құптамайды.
«Арасында бірлі-жарым бар енді, бірақ, негізінен, араластырмайды. Әрі кетсе, қарақалпақ пен қазақ қосылуы мүмкін», — дейді этникалық қазақ.
«Қазақстанға келмегеніме өкінемін» 
Навои облысының қазақтар көп тұратын аймағында жұмыс істейтін Клара Садырбаева 90-шы жылдардың басында тарихи отанына көшіп келмегеніне өкінетінін жасырмады.
«Қазақстанға қоныс аудару туралы ой болды, әрине. 1991 жылдары егемендік алғаннан кейін Өзбекстандағы қазақтар қысым көре бастады, сол кезде 1991-1995 жылдар аралығында көбі көшіп кетті. Мен де ойлағанмын. Мамыр айында Астанаға келіп, кенеттен қар жауып кеткені есімде. Сол суықтан қорқып, Өзбекстанға қайта оралдым (күлді). Ол кезде бұл жақта орыстар да көп еді. Сол да себеп болды бір жағынан»,- деп еске алды қандасымыз.
«Қазір қатты өкінемін. Отанымда қызмет еткенімде, біраз жастарға жәрдемім тиер ме еді деп те ойлаймын кейде», — дейді ол.
Садырбаева Өзбекстанда Қазақстандағыдай еркіндік жоқ екенін ашық айтты. 
«Сен қазақсың» деп төмендетсе, мен әлдеқашан көшіп кеткен болар едім. Қазір ешкім бізді түртпектеп, қазақ болғаның үшін бастық болмайсың деп жатқан жоқ. Қайта біздің достарымыз – өзбектер, талай іске қолдау көрсетіп, қол ұшын созады», — дейді этникалық қазақ.