Шымкентте 1000-нан астам мүмкіндігі шектеулі азамат жұмысқа орналасқан

1610
Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов халық алдында есеп беру кездесуінде осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өткен жылы мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қол арба, гигиеналық заттар, көмекші және инватакси қызметтері тұрақты көрсетілуде. Өткен жылы халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау саласында бірқатар жаңа бастамаларды қолға алдық. Атап айтқанда, «Жұмыспен қамту орталығы», жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, еңбек инспекциясы және көші-қон басқармалары және халыққа қызмет көрсету орталықтары бір ғимаратқа көшіріліп, «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсете бастады. Ол жерде жұмыспен қамту және әлеуметтік қызметтер толығымен электрондық форматқа көшірілді», — деп атап өтті шаһар басшысы.
Айта кетейік, Шымқалада елімізде алғашқылардың бірі болып «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ашылған.