Нұрсұлтан Назарбаев ауылдарды дамытуға 90 млрд теңге бөлуді тапсырды

1365
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2019-2021 жылдарды ауылды дамытуға 90 млрд теңге бөлуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біздің ауылдарды өсім нүктелеріне айналдыруымыз керек Әрбір ауылда қандай да бір жұмыс орнын ашу керек. Ол үшін микронесиелер бар. Жұмыс берсек тұрғындар ауылда қалады. Бізде бірінші мамандықты тегін оқыту жүйесі, Жол картасы бар. Мүмкіндіктер мол. Тек нақты жұмыс істеу керек. Баспана мен жол салып, әлеуметтік нысандарды тұрғызып, ШОБ-ты дамыту керек. Ауылда өзінің әлеуеті бар. Өңдеу өнеркәсібін ол үшін дамыту керек. Елімізде үлгілі ауылдар жетерлік», — деді Президент.
Осыған байланысты Президент Үкіметке «Ауыл — ел бесігі» арнайы жобасын жүзеге асыру үшін ұсыныстарды әзірлеуді тапсырды.
«Сонымен бірге, ұсыныстармен бірге осы бағытта қаржыландыру бойынша 2019-2021 жылдары 90 млрд теңге бөлуді тапсырамын. Осы жастарды ауылда ұстап тұруға мүмкіндік береді», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Еске сала кетсек, елордадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезі өтуде. Съезд күн тәртібінде бірнеше мәселені қарастыру көзделген. Атап айтқанда, алдымен «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі бағдарламасы туралы мәселе қозғалады. Одан кейін партияның Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар қарастырылып, партия Саяси кеңесінің жəне Орталық бақылау-тексеру комиссиясының есепті кезең бойынша жұмысының қорытындылары шығарылады. Сонымен қатар партия Саяси кеңесінің жəне Орталық бақылау-тексеру комиссиясының мүшелері сайланатын болады.
Съезд жұмысына 2 мыңға жуық адам қатысуда. Олардың 1200-і  еліміздің барлық өңірлерінен келген делегаттар, ал қалған 800-ге жуығы — қонақтар.