Әлем чемпионаты: Қазақстан құрамасы үшінші орынға таласта Бразилиядан ұтылды

1121

Шағын футболдан Литвада өтіп жатқан Әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Жартылай финалда Қазақстан құрамасынан айласын асырған Португалия турнирдің жеңімпазы атанды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтық сында Португалияға есе жіберген Аргентина екінші орынға табан тіреді. Ал турнирдің үшінші орыны Бразилияға бұйырды. Бес дүркін әлем чемпиондары қола медаль үшін таласта Қазақстанды 4:2 есебімен ұтты. Ел құрамасы сапынан голдарды Альберт Ақбалықов пен Тайнан соқты.

Айта кетейік, Литвада өткен Әлем чемпионатында барлығы 24 құрама өнер көрсетті.

Қазақстандық футзалшылар А тобына түсті. Қарсыластары — Литва, Венесуэла, Коста-Рика. Топтық кезеңде қарсылас шыдатпай, бірінші орын алған ел құрамасы 1/8 финалда Таиландтан 7:0 есебімен басым түсті. Ал ширек финалда Ираннан айласын асырды. Есеп 3:2.

Жартылай финалда Португалиямен негізгі және қосымша уақытта 2:2 есебімен тең түскен Қазақстан құрамасы пенальти сериясында қарсыласына есе жіберді.