Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің «Экономика және бизнес» жоғары мектебіне 70 жыл

3542
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті еліміздегі көпжылдық білім саласындағы және ғылыми жұмыстарда тәжірибесі мол көшбасшы жоғары оқу орны.
Бүгінгі таңда университет елімізде нарық талабына сай жоғарғы білікті мамандарды даярлауға өзінің үлесін қосып отырған бірден-бір білім ордасы.
2018 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан Республикасы ЖОО-ның ұлттық рейтингінде 1-орынға ие болды, сонымен қатар әлемдегі 800 ең үздік университеттер арасында 220 орынға ие болып, QS «World University Rankings» халықаралық рейтингісінде тағы 16 орынға алға шықты. Осы топқа посткеңестік кеңістіктен тек екі университет кіреді: ҚазҰУ және Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті (РФ).
Университет құрамында 16 факультет, 67 кафедра, 32 ғылыми-зерттеу институты мен орталықтар, технопарк қызмет атқарады. Университетте бакалавриатта — 87, магистратурада – 98, докторантурада – 83 мамандықтар бойынша мамандарды даярлайды. Бүгінгі таңда университетте 25 000-нан аса студент, магистрант және докторанттар білім алуда.
Үстіміздегі жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Экономика және бизнес» жоғары мектебіне 70 жыл толып отыр. Бұл жоғары мектеп еліміздің дамуына сүбелі үлес қосқан көптеген отандық ғалымдар, беделді мемлекеттік қызметкерлер, табысты кәсіпкерлер, жоғары оқу орындарының ректорлары, атақты спортшылардың қара шаңырағы болып табылады.
«Экономика және бизнес» жоғары мектебінде білім алу үш тілде – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Бүгінгі таңда жоғары мектеп құрамында 4 кафедра жұмыс істейді: «Экономика», «Менеджмент және маркетинг», «Қаржы», «Есеп және аудит».
«Экономика және бизнес» жоғары мектебі жыл сайын экономика және бизнес, менеджмент және маркетинг, мемлекеттік және жергілікті басқару, логистика, қаржы, есеп және аудит саласында қажетті бакалавр, магистр және Ph.D. докторларын даярлайды. Жоғары мектепте 20 ғылым докторы, 45 ғылым кандидаты мен 10 Ph.D. докторын қоса алғанда кәсіби біліктілігі өте жоғары профессорлық-оқытушылық құрамы қызмет атқарады. Сонымен қатар жыл сайын серіктес шетелдік беделді жоғары оқу орындарының профессорлары студенттерге, магистранттарға және докторанттарға дәріс оқиды.
«Экономика және бизнес» жоғары мектебінде студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуына толық жағдай жасалған, мамандықтар бойынша ғылыми үйірмелер жұмыс жасайды. Студенттердің ғылыми зерттеу жұмыстарына профессор-оқытушылар жетекшілік етеді, жыл сайын «Әл-Фараби әлемі» халықаралық студенттік ғылыми-конференциясы ұйымдастырылады. Жоғары мектеп студенттері республика көлемінде және халықаралық деңгейде ұйымдастырылатын байқауларға, халықаралық пән олимпиадаларына үнемі қатысып, жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Сонымен
қатар білім алушылар тұрақты түрде жүзеге асырылатын халықаралық жобалар мен шетелдік серіктес университеттерде білім алу мүмкіндігіне ие.
Жоғары мекетепте студенттерге жоғары сапалы білім берумен қатар, оларды рухани-адамгершілік, азаматтық-патриоттық негізде тәрбиелеуге де үлкен мән беріледі. Бұл ретте студенттер арасында жағымды психологиялық ахуал қалыптастыруға, шығармашылық белсенділікті арттыруға, салауатты өмір салтының, тіл мен мәдениеттің насихатталуына атсалысып, қолдау көрсету бойынша семинар, дөңгелек үстел, пікір-сайыстар, кездесулер ұйымдастырылып өткізіледі.
Жыл сайын жоғары мектепті 500-ден астам студенттер, магистранттар мен докторанттар бітіріп шығады. Қазіргі уақытта жоғары мектеп түлектері республиканың түрлі салаларында белсенді қызмет атқарып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосуда.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
«Менеджмент және маркетинг» кафедрасы
э.ғ.к., доцент Тұмбай Ж.О.
Докторант Пазилов Ғ.А.